Мосул, 22 маусым. Ирак билігінің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» (ИМ, Қазақстан аумағында тыйым салынған) экстремистік ұйымының содырлары Мосулдағы ежелгі әл-Нури мешіті мен оның әйгілі жантайған мұнарасын жарып жіберді. Мешіт 1172 жылы салынған. Оның мұнарасын Италиядағы Пизан мұнарасы сияқты бір жағына қисайып тұрғандықтан «әл-Хадба» немесе «бүкір» деп атаған.
ИМ содырлары Мосулды 2014 жылы маусымда басып алған. Олар мұнараны бұған дейін-ақ қиратпақ болған еді. Бірақ ол кезде жергілікті тұрғындар мұнара айналасын қоршап, құртуға жол бермеген. ИМ жетекшісі Абу Бакр әл-Бағдади 2014 жылы шілдеде жұма намазы кезінде өздері басып алынған аймақтарда «ислам халифаты» құрылғанын жариялаған. Қазір Ирак үкіметінің әскері Мосулдың батыс бөлігін азат ету операцияларын жалғастырып жатыр.