Мадрид, 28 маусым. Еуропаның үш елінде ИМ (Қазақстан аумағында тыйым салынған) экстремистік тобының жақтастары деген күдікпен алты адам ұсталды. Олар Испания мен Германия және Ұлыбританияда қолға түскен.
Алты адамның төртеуі Испанияның туристік Пальма-де-Майорка қаласында тұтқындалды. Испан полициясы дерегінше, күдіктілер жасырын кездесулер өткізіп, жастарға радикал уағыздар айтқан, оларды соғысып жатқан елдерге баруға үгіттеп, Еуропа Одағы елдерінде болған терактілерді ақтаған. Ұсталғандар «үгіт-насихат материалдарын жасап, оны интернет арқылы таратты» деген айыпқа да ілінген.
Соңғы кездері Еуропаның бірнеше елінде болған әлденеше терактінің жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алған.