Алматы. 3 сәуір. Әлсіз антитеррористік қорғаныс жүйесі үшін Алматы қаласындағы сауда орталықтарының басшылары 20 миллион теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматының экстремизмге қарсы күрес басқармасы мен ІІД-нің Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тамақтану нысандары, сауда орталықтары, стадиондар , балабақшалар, мектептер, колледждер мен университеттер мен өзге де нысандарға «Терроризмге қарсы күрес» Заңы бойынша тексеріс жүргізген.
Бұған қоса халық көп жиналатын нысандар екі топқа бөлінген. Алғашқысына жалпы аумағы 500-ден 2000 шаршы метрге дейінгі сауда нысандары, 100-ден 500 орындыққа дейінгі қоғамдық тамақтану нысандары, 200-ден 1000 адамға дейін жиналатын концерт залдары және оған қарасты аумақтар, спорт және көліктік нысандары (200 адамнан артық), денсаулық сақтау ұйымдары (200-ден 2000 адамға дейін) мен туристер орналасатын орындар (200-ден 1000 адамға дейін келетін) енгізілген. «Екінші топқа аумағы 2000 шаршы метрден асатын, халық көп келетін ірі нысандар кіргізілді» — деп хабарлайды Экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мәулен Қасымжан.
Ол өз сөзінде нысандардың алдымен антитеррористік қорғанысына баса маңыз берілгенін атап өтті. Қажетті мәліметтің бәрі де нысандардың антитеррористік қорғанысының типтік құжатына жазылып тұруы керек. Талаптарды Үкімет әзірлейді.
Қазіргі таңда халық көп баратын нысандардың антитеррористік қорғанысы жүйесі, күзет дабылы, жарықтандырылуы, бейнебақылаудың телевизиялық жүйесін басқару мен бақылау бойынша талаптары күшейтілген.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда жеке және лауазымды тұлғаларға 200 АЕК, кәсіпкерліктің шағын субъектісіне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 300 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану нысандарын жылдың екінші тоқсанында да тексеру жоспарланып отырғанын хабарлайды. Құқық қорғаушылар нысан басшыларын, нысан бойынша күзет қызметін көрсетуге келіскен күзет жұмысы субъектілерін антитеррористік қорғаныс жүйесіне баса маңыз беруге шақырады.