Нью-Йорк. 4 сәуір. БҰҰ жанындағы қазақстандық миссияның бастамасымен Нью-Йорк маңында ұйымға мүше елдердің делегациялары қатысқан отырыс өтті, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Жиынның негізгі тақырыбы Қазақстан Президентінің лаңкестіктен азат әлемге жету туралы тәртіп Кодексін қабылдау бастамасын талқылау болды. БҰҰ-ның барлық аймақтық тобының делегациялары Қауіпсіздік Кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің басшылары мен сарапшылары терроризммен күрестегі мемлекетаралық ынтымақтастықтың сот, құқық қорғау аясында ақпарат алмасудың өзекті мәселелері бойынша пікір алысты. Кездесу нәтижесі бойынша қатысушылар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамында терроризмге қарсы іс-қимыл саласында дәйекті саясат жүргізіп, инклюзивті, ашық және тиімді жұмыс жүргізетінін атап өтті.
Мишель Конинс, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің директоры:
— Лаңкестік пен экстремизм бүкіл әлемнің алаңдаушылығын тудырып отыр. Бұл құбылыс жан-жақты талқылауды қажет етеді. Яғни БҰҰ-ға мүше 193 ел бірлесе жұмыс істеуі керек. Мен Қазақстан үкіметіне бастамасын жүзеге асыруда сәттілік тілеймін. Бұл құжат лаңкестіктен азат әлемге қол жеткізуге бағытталған. Осы дөңгелек үстел басына саяси келіспеушіліктерін артта қалдырып, аталған мақсатқа қол жеткізу жолында жұмыс істейтін адамдар жиналғаны өте маңызды.