Сыр. 21 мамыр. Сыр елінде 2 жыл бұрын шымылдығы түрілген жастар театры көпшіліктің көңілінен шығып, көрермен көзайымына айналып үлгерд, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Мамандықтары әртістіктен алшақ болса да драматургияның тереңіне бойлауға ынталы топтан құралған өнер ұжымы гастрольдік сапарларға шығып жүр. Сыр елінің сахнагерлері Оңтүстік Қазақстан облысының өнерсүйер қауымына мән-маңызы терең қойылымдар ұсынып, рухани тұрғыда сусындатты.
Қызылордалық жастар театры Шымкентте «Қыз қасқыр» қойылымын сахналады. Жазушы Шерхан Мұртазаның әңгімесі желісі бойынша жазылған қасіретнамада аң екеш аңның жүрек елжіретер қасиеттері арқылы адалдық пен адамдық паш етілген. Трагедиялық спектакльдің өзегі – ардан аттамаған қыз тағдыры. Қасқырлар ортасында қалған оның өмірі қиянатқа қарсы тағылық тартыспен бірге өріліп, сонысымен көрерменді баурай түсті. Шаранасынан шыққан баласын өзектен тепкен әйел мен қанша жыртқыш десе де шақалақты өгейсінбей бауырына басқан құртқа қасқырдың әрекеті адам пенделігінің әшкере әлемі әсерлі суреттеп берді. Бейнелі тұңғиыққа терең сүңги білген жас әуесқой сахнагерлер берілген образды шебер сомдап, қоғам мәселесін тереңнен қозғай білді.
Оңталап Нұрмаханов, жастар театрының режиссері:
— Бүгінгі заманда адамдар балаларын қоқысқа тастап кетіп жатса, қасқырлар ондай жасамайтындығын, негізгі түп-тегіміз көк бөрі бауырынан жаралған халық болғандықтан сол руханиятты дәріптеу. Бүгінгі болып жатқан адам бойындағы кемшілік-қателіктерді аршып, айқайлап айтатын спектакль.
Оңтүстік өңірден оралысымен жастар театры Бәйділдә Айдарбековтың «Неге?» драмасының тұсауын Сыр сахнасында кесті. Пьеса желісінде қазіргі қоғам келеңсіздіктері бейнелі жеткізілген. Арман қуған жастардың басым көпшілігінің алдынан көлденең тартылатын кедергілер жайлы сахнагерлер шебер сипаттай білді.
Назерке Қали, театр актрисасы:
— Бұл спектакльдің негізгі халыққа берері көп. Қазіргі қоғамдағы ең бір өзекті мәселелер ол нашақорлық, терроризм осы тақырыптар қозғалады. Және де бұл спектакльді көрген әрбір жас жеткіншек көп нәрсені түйе алады деп ойлаймын.
Әлмұхамед Алдажаров, театр режиссері:
— Қойылымның негізгі мақсаты өзекті мәселенің бірі діни-радикалды ұйымдардың қоғамда белең алуы. Соған қарай жасөспірім, мектеп оқушыларының радикалды ұйымдар жетегіне еру белең алуда. Осының алдын алу мақсатында осы қойылымды шығаруға себеп болып отыр. Бұл режиссерлық жұмысымның ең біріншісі деп айтуға болады.
20 дарынды жастан құралған труппа салиқалы, дидактикалық сарындағы спектакльдер қатарын көбейтуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов