Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Салафизм ағымының қатерлі ылаңы

Астана. 29 мамыр. Бағзы замандарда мемлекеттің тұтастығы сырттан жау мемлекеттер шабуыл жасағанда бұзылған. Қазір мемлекетті іштен ірітіп, бір елдің азаматтарын бір-біріне айдап салу арқылы жауластырудың кезеңі болды. Қазіргі таңдағы оның бір себебі, әлемнің білімді экономистері Сирия елі радикалдық көзқарастағы азаматтардың ішкі қантөгісінен 150 жылға кері кеткенін жазуда. Психолог – мамандар мемлекеттің ішіндегі мұндай қантөгістер мемлекет тұрғындарын жалтақ, ісін бастауға дәрменсіз, мемлекетке сенімсіз ахуалға түсіретінін баспасөз құралдарында жариялауда. Мұндай қатерлердің жалған идеологиялардан бастау алғанын бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Айта-айта жауыр болып, елдің  бас ауыруына айналған салафизм идеологиясы – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналды.

Салафизмнің қатерлі идеологиясы мемлекетке қаншалықты зиянды және оның қоғамға кері ықпалы қандай? – деген мәселеге оралайық.

Салафизм идеологиясы зайырлы немесе кез-келген исламдық емес қоғамнан оқшаулануға үндейді, яғни ислам шариғатына қайшы келмесе де шариғат үкімдерін қайтарушы деп зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығарады. Осылайша, олар қоғамның этно-мәдени және конфессиялық үйлесімділігіне сызат түсіріп, өздерін ғана шынайы ислам дінінің ұстанушылары деп жариялайды. Сол арқылы зайырлы ұстанымға қарсы шығуға, мемлекетті құлатуға бағытталған көзқарастарды қалыптастырады.

Салафилердің басты идеологы Мұхаммед ибн Абдулуаһаб исламға жатпайтын кез-келген заңдар мен құқықтық жүйелерге жүгінуді күпірлік деп, ондай заңдар арқылы үкім ететіндерді «кәпір» деп санаған. Салафизм идеологиясы бойынша, шариғат заңдарымен үкім шығармайтын басшылар да, олар басқарып отырған ел де кәпір болып саналады. Мұндай мемлекетті «тағұт» мемлекеті деп атап, оған қарсы жиһад (қарулы соғыс) жариялауды жөн деп санайды.

Салафизм ағымының мүшелері үшін «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі адал болып саналады, яғни «тағуттарды» өлтіріп, мал-мүлкін тартып алу күнә емес деп санайды. Осылайша «тағұт» деген ұранмен жар салып жүрген жастар радикалды эмиссарлардың ықпалындағы топқа айналады. Діни сауаты төмен жастар салафилік идеологияның әсерімен зайырлы мемлекетті Алланың дұшпаны ретінде қабылдап, оған қарсы шығады. Шын мәнінде, бұлар ислам қағидаттары мен ұстанымдарын қате түсіндіруден және ұғымдарды бұрмалаудан туындаған мәселе. Жоғарыда келтірілген белгілерден діни экстремизм мен терроризмнің идеологиялық аспектілерін байқауға болады.

Салафизм идеологиясынан бастау алып, кейін тәкфіршілік жат әкстремистік ұйымның жетегіндегі ИГИЛ содырлары соңғы 2-3 жылдың ішінде Ирак, Сирия, Ливан елдерінде көптеген мәдени-тарихи ескерткіштерді жойып жіберді. Олар Сирияның ежелгі тарихи қаласы Пальмираны басып алды. Пальмира – біздің заманымыздың І-ІІ ғасырларында Сирия аймағы Рим империясының бір бөлігі болып тұрғанда салынған қала. Оның екі мыңжылдық тарихы бар ескерткіштері осы уақытқа дейін сақталған тарихи-мәдени орталық болатын. Дүниежүзілік мәдени мұра нысаны саналатын ежелгі қаладан содырлар жүздеген ескерткіш, мүсіндерді шығарып тастаған. Олар өздерінің бұл әрекеттерін «мүсіндерге табынбау үшін оларды қирату керек» деп түсіндіреді. «Associated Press» ақпарат агенттігіне сұхбат берген содырлардың бірі «Мұхаммед пайғамбар пұттарды жоюды бұйырған. Сол үшін біз де осы мүсіндерді қиратамыз» деп мәлімдеген. Мүсінге табынуға немесе табыну мақсатында қолдан мүсін жасауға шариғат бойынша тыйым салынғаны белгілі. Алайда, ислам дінінде тарихи жәдігерлерді жойып-қиратуға қатысты ешқандай бұйрық жоқ. Көне мәдени-тарихи мұралар керісінше ұрпаққа үлгі-өнеге болуы үшін сақталуы қажет.

Ал қазақ қоғамындағы халықтық дәстүрлердің ислам дініне ешбір қайшылығы жоқ екенін дін мамандары айтып та, жазып та келеді. Сонымен қатар наурыз мерекесін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар –мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де исламның аясында дамуын жалғастырып, өмір сүріп келеді. Жоғарыда айтылғандардан салафизм идеологиясы діннің атын жамылып, қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды, туысқандық байланыстарды үзуді құптайтынын аңғаруға болады.

Қазiргi таңда ел бiрлiгі мен жамағат арасындағы ауызбіршілікке – салафилік көзқарасты ұстанатын азаматтар. Қазақ жерiне тәуелсiздiк алғаннан кейiн келген салафилер алғашқы кезде қайырымдылық қорларын, дiни сауат ашу курстарын, араб тiлiн үйрететiн оқу орындарын ашып, көптеген жастардың сенiмiнен орын алды. Орыс тiлiне аударылған тегiн дiни әдебиеттер таратып, дiни сауаты төмен орыстілді бауырларымызды өз қатарларына көптеп тартты.

Салафизм өкілдері қаншама ғасыр бойы жалғасын тауып келген кейбiр дiни мәселенi бидғат санап, мұсылман жамағаты арасында iрiткi салып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Олар дүниеден қайтқан кiсi үшiн Құран оқуға, құдайы ас беруге, намаздан кейiн тәспi қолдануға, жамағатпен дұға жасауға, бет сипауға, мәзһаб ұстануға, қабiрлерге кесене немесе қоршау салуға, марқұмның жетiсiн, қырқын, жылын беруге үзілді-кесілді қарсы. Қоғамда қалыптасқан салт-дәстүрлердi, мемлекеттiң заңы мен құқықтық жүйесiн мансұқтайды, намаз оқымаған туыстарымен қарым-қатынасты үзуге шақырады. Өз ата-анасына қарсы шығып, намаз оқымағаны үшiн кәпiр санап, тiптi берген асын iшуден бас тарту, орамал тартқан қыздарды жамағатқа тартып, екiншi әйел етiп, артынан себепсіз талақ етіп, тәлкекке айналдыру, қараусыз қалған жетiмдердi көбейту әрекеттері қоғамды кері тартуда.

Қазір салафилік идеология танымал тұлғалардан қарапайым көпшілікке дейін кейбір қазақстандықтардың санасына сіңіп кеткен қатерлі ағымға айналды. Салафилер сенім мәселесінде шектен шыққан көзқарастарды, ымырасыз пікірлерді ұстанатындықтан, ең мәмілегер дін исламның болмысына көлеңке түсіруде. Шектен шыққан идеологиялық ағымның кез келген көрінісі ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, ұлт тұтастығына, мемлекет тұрақтылығына, дәстүрлі діни құндылықтарға үлкен қатер төндіретіндіктен, салафилік идеологияға қарсы бірлесіп күресуді уақыт талап етуде.

Қазақ халқында ауызбіршіліктің маңызы аса қажет болғанда «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық», — дейтін ұлағатты сөзі бар. Отанның тұтастығын шайқалтқан тарихымыздағы жаугершілік заманда барымталасқан қазақ рулары, жау келгенде біртұтас бола білген. Заманның келбеті өзгергенмен сырттан келетін жаудың мазмұны өзгермек емес. Діни экстремизм, жалған ағымдар мәселесі елімізде мәселе болып туындағанда халық болып біртұтас бола білетіндігіміз, ол атадан келе жатқан қанымызда бар қасиет. Лайым, солай бола бергей!

Жарас Аханов,

ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының

бөлім басшысы

Ақпарат көзі: ҚР ДІА ДМЖҒЗТО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *