Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Жалған халифатшылдық – қоғамның дерті

Астана. 29 мамыр. Бүгінде әлемнің берекесін кетіріп, ислам дініне күйе жағып, дәстүрлі діннің атына нұқсан келтірген қаншама жалған халифат идеясындағы террористік ұйымдардың идеологиясы тоқтар емес. Атап айтсақ, «Хизб ут-тахрир», «Ат такфир уаль хиджра», «Әл-Каида», «Мұсылман бауырлар» және «ИГИЛ» экстремистік ұйымдарын ерекше атауға болады. Жалған халифатты көздеуші аталған ұйымдар елімізде соттың шешімімен тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен белгілі бір діннің атын жамылған экстремистік ұйымды мемлекет заңды түрде шектегенімен, олардың идеясы тыйылмайтынын бүгінгі әлемдік жағдайдан көруге болады. Сондықтан, сол идеяны аңсаушы экстремистік ұйымдардың шынайы ислам дінінен қаншалықты алыс кеткенін саралап көрейік. Жалған халифат құрғысы келетіндердің тарихы сонау Мұхаммед пайғамбар заманында өзіне қарсы шыққан харажиттерден бастау алатынын тарих растайды. Харажиттер заманында қатарына қосылмағандарды күпірлікпен айыптап, жазықсыз жандардың өмірін қиғанын ислам тарихынан аңғаруға болады. Исламда мұсылманды жазықсыз өлтіру күпірлік дейді мамандар. Мұхаммед пайғамбардың сахаба-серігі, әділетті төрт халифаның бірі Әзіреті Әли VІІ ғасырда харажиттерді өз заманында тек қылыштың күшімен басып жаныштаған болатын. Одан бергі тарихта да харажиттердің біршама бас көтерулерін байқаймыз. Кейіннен мұндай ағымдар Осман империясының дәуірінде тек ғана күшпен басылып, шариғат заңымен жазаланып келді. Осман халифаты құлап, біршама уақыт өткеннен кейін мұсылмандар жеке-жеке топқа бөлініп, халифат құрамыз деген ниетпен əр түрлі идеологиялар мен ұйымдар құрыла бастады. Мысырда «Мұсылман Бауырлар» тобы, Үндістанда «Таблиғи жамағат» пен «Жамаъатисламия», Египетте «Ат такфир уаль хиджра», Орталық Азия мен Таяу шығыста «Хизб ут-тахрир» ұйымдары пайда болды. Олардың негізгі ұстанымдары «халифатты қайта жаңғыртамыз» деген қате ұранмен жалғасын тапты. Мұндай ұрандары шариғат заңдарына қайшы келіп, көпшіліктің қолдауына ие бола алмай, мұсылмандардың жік-жікке бөлініп, бір-бірін күпірлікпен айыптауына алып келді. Уақыт өте келе саяси бағыттағы мұндай идеологиялар бүкіл әлемге тарады. Бүгінде саяси бағыты осындай идеологияның жетегінде кеткен адасушылар қоғамның басты мәселесіне айналып отыр. Бұлардың әр елді алатайдай бүлдіруіне алып келіп отырған жағдай – олардың жалған жиһад ұғымын өздерін қолдаушыларға сіңіріп, теріс  әрекеттерге ұрындыруы. Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «аһли сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы екенін, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайтынын, дәстүрлі исламның ғалымдары айтуда.

Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Пайғамбар өсиеттерінде үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес екендігін,  шын мұсылман қолымен де, тілімен де ешкімге зиян тигізбейтін адам екенін аңғарамыз. Ал, жоғарыда айтылған жиһад деп жалған идеяларды насихаттаушылар мен мәнсіз халифат құруды аңсаушылардың мақсаты дәстүрлі ислам заңдарынан тыс екенін әлем мұсылмандары біледі. Дегенмен, заңды түрде тыйым салып, оларға қарсы ақпараттық жұмыстар жүргізілсе де, жалған халифатшылардың идеологиясы кейбір адасқан азаматтардың санасынан өшпей тұр. Неге? Себебі, олардың қазіргі басты жұмысы – өздерінің идеологияларын үйден шықпай-ақ, ғаламтор беттерінде жариялауды қолға алуы. Бұл – бір жағынан уақыт үнемдейді, екінші жағынан қажырлы еңбекті қажет етпейтін заманауи қолайлы жұмысқа айналды. Құран басшыға бағынуды талап етеді. Егер бұл шарт орындалмаса, онда мұсылманның іс-әрекеттері бұзақылыққа, қаскөйлікке ұласады. Біреудің өміріне қауіп төндіруге, ар-намысына тиюге, зұлымдық жасауға ислам дінінде рұқсат жоқ. Алайда, халифат құрамыз деп жүрген жоғарыда аталған және тағыда басқа теріс пиғылды экстремистік ұйымдардың өздерінің идеяларын қолдамайтындарды жазықсыз өлтіріп, қаншама тарихи-мәдени орындарды қиратуы, әрине шариғаттан шалыс кеткендерін көзі қарақты адамға мәлім.

Экстремистік ұйымдардың халифат құрамыз деген ұмтылыстары түбірімен қате екені анық. Ғалымдардың айтуы бойынша, халифат құрудың шариғаттағы шарттары мынадай:

Біріншіден, халифат құрылған жердегі мұсылмандардың көзқарасы бір жерден шығып, бірауыздан əлгі жерге жиналу керек жəне барлық мұсылмандар осы халифат үшін жан-тəнімен қызмет етуі керек.

Ал, қазіргі «ИГИЛ» секілді ұйымдар халифат атауына мүлде лайықты емес. Себебі, олар ислам əлемінің көзқарасына қарсы жəне ешкімнің қолдауына ие болған емес.

Екіншіден, мұсылмандардың басын біріктіретін халифа (басшы) таңдауы барлық ерлер мен əйелдер қатарынан болған мұсылмандардың ортақ кеңесуі арқылы жүзеге асады. Себебі, Осман халифа осындай жолмен сайланған еді.

Ал, ешбір мұсылмандардың қолдауынсыз сайланған қазіргі «ИГИЛ» діни экстремистік ұйымының басшысы Əбу Бәкір Бағдади секілділерге тарихта Осман ибн Аффан өз заманында былай деген: «Қандай да бір кісі ортақ кеңессіз таққа тағайындалатын болса жəне сол кісіге серт беретін адам болса, онда сол екеуінің де соңынан ешкім еруге болмайды». Ал, қазіргі өзін халифат санайтын Əбу Бәкір Бағдадидің кім екенін білмейміз. Бар білеріміз – Əбу Бәкір Бағдади мұсылмандардың халифаты емес, бəлки соңынан еріп жүрген соқыр сенімдегілердің  халифаты.

Үшіншіден, халифа таңдау тыныштықта, бейбіт заманда жүзеге асатынын мұсылман ғалымдары жоққа шығармайды.

Бүгінгі ғаламторды сараласақ, халифатшылардың əрекеті бүліктен басқа ешқандай шариғат қағидаларына сай келмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында сипаттағандай олардың бар ісі адам өлтіру, соғыс ашу жəне бүлік отын жағу болып отыр. Қазіргі таңда Сирия және Ирак жерінде  халық тыныштықта емес, керісінше қорқынышта, үрейде өмір сүріп жатыр. Ислам тарихына көз жүгіртсек, Əнас ибн Мəлик өз сөзінде былай дейді: «Қорқынышқа, үрейде, серт беру, ол серт бергенге саналмайды». Ал, бізге мəлім болғандай, «ИГИЛ» содырлары қатарын көбейту үшін Сирия халқын қорқыту арқылы серт бергізгенін айтуға болады.

Қорытындылай келе айтарымыз, ислам ғалымдары шариғатта халифат тек пайғамбардың жолымен ғана орнайтынын жазуда. Бұл – барлық амалдар, шешімдер мен үкімдер тек пайғамбар сүннетіне сəйкес келуі керек дегенді білдіреді. Тарихта Имам Бағауи «Шархсунна» деген кітабында: «Халифат құру дегеніміз оны пайғамбар жолына сəйкес амалдармен көрсете білу деген. Егер де онда қандай да бір əрекет пайғамбар сүннетіне сəйкес келмесе, онда ол тек атымен ғана халифат болып қалады», – деген болатын.

Аталған шарттарды бағамдасақ, бүгінгі таңда шариғат біздерге халифат құру амалдарын жүктемейтіні анық. Яғни, мұсылмандар үшін ешқандай халифаттың жүзеге асуы міндетті емес. Сондықтан, халифат құрамыз деп жүрген экстремистік ұйым өкілдері ондай ойларынан арылу керек. Ал, егер əділдік, бірігіп кеңесу, ел басшысына бағыну секілді ізгі амалдардан айырылсақ, онда құрдымға кетеміз. Исламда қылыштың күшімен халифат орнамайтыны айтылған, демек қазіргі халифат мұсылмандардың құтын қашырудан басқа жақсылыққа бастамайтыны мәлім.

Жарас Аханов,

ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы

Ақпарат көзі: ҚР ДІА ДМЖҒЗТО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *