Ақтөбе, 6 маусым. 2016 жылдың 5 маусымы. Ақтөбе көшелерін қанға бояған террорлық акті. Бейбіт тұрғындардың өмірін қиған қаралы күн…
Қаланың қазіргі тыныс-тіршілігінен екі жыл бұрынғы қанды оқиғаның ізі де байқалмайды. Әркім күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүр, десек те сол күні жақындарынан айырылған жандардың жүрегі әлі де қан жылайды.
Sputnik Қазақстан тілшісі Ақтөбеде болып, сол күнгі терактіде оқ тиіп, жараланған сатушымен әңгімелесіп, арнайы операция кезінде мерт болған террористің жесірімен кездесіп, билік органдарынан бүкіл елді дүрліктірген трагедиядан қандай сабақ алғанын сұрап қайтты.
«Сол күні бір жамандық болатынын ішім сезді»
Арнайы операция кезінде көзі жойылған террористердің бірінің жесірі ұзын сақал өсіріп, қысқа балақ киген күйеуін жамандыққа қимайды. Айтуынша, жұбайы – діни фанатиктердің құрбаны.
«Бас кезінде күйеуімнің діни көзқарасы дұрыс болды, теріс ағымда емес еді. Әр адамға өзін қоршаған орта, түрлі факторлар әсер етеді ғой. Дін туралы интернеттен көп видео көретінбіз, желі арқылы неше түрлі ақпараттар келетін. Сіздер фильм көргенде, эмоцияға беріліп, қандай да бір әсер аласыздар ғой, сол сияқты біз де Құран аяттары, хадистері жайында роликтер көреміз. Онда бәрі керемет сипатталады. Осылайша теріс ағымға қалай кіріп кеткенімізді өзіміз де түсінбей қаламыз. Менің жұбайыма қатысты да осындай жағдай болды», — дейді жесір әйел.
Айтуынша, сол күні таңертең күйеуі әдеттегідей жұмысына кеткен.
«Жүріс-тұрысында ешқандай өзгеріс болған жоқ, әдеттегідей жұмысына жиналды. Бірақ сол күні сәбидің дүние келгеніне орай той болады, «браттар» шақырып жатыр деді. Ол тойға әйелдер де барған, бірақ мені шақырған жоқ», — деп еске алды ол.
Ал қалада басталған қанды қырғын туралы әлеуметтік желіде тараған видеолардан көріп білген. Кейін енесі хабарласып, мән-жайды айтыпты.
«Енем хабарласып, қалада осындай жағдай болып жатыр деді. Шынын айтсам, бір жамандықтың боларын ішім сезген еді. Сол күні таңға жақын күйеуім туралы жаман түс көрдім. «Абай болыңыз» деп өзіне ескерттім де. Бірақ ол күліп, мән берген жоқ. Енем хабарласқанда, аяқ-қолым дірілдей бастадым. Дереу күйеуіме қоңырау шалдым, бірақ телефоны өшірулі болатын. Сол оқиғаға қатысқан кейбір ер адамдар әйелдеріне хабарласып, қоштасып үлгеріпті, ал менің күйеуім хабарласқан жоқ», — дейді ол.
«Екінші рет күйеуге шығуға қорқамын»
Бір баламен жесір қалған келіншек екі жыл бұрынғы қанды оқиғаға қазір басқаша көзбен қарайды.
«Мүмкін, осылай болуы керек болған шығар. Сол күннен кейін көбінің көз ашылды, көбісі теріс ағымда жүргенін түсінді. Сол терактіде көз жұмған, өмір бойына сотталғандардың әйелдері жат ағымнан бас тартты», — дейді ол.
Өзі де қазір дұрыс жолға түсіп, мешітке барып, Құран оқиды екен.
«Екінші рет күйеуге шыққан жоқпын. Шынын айтсам, тұрмыс құруға қорқамын. Қазір мұсылмандар арасында ұрыс-керіс, ажырасу деген көбейіп кетті. «Талақ» деп үш рет айтып, айырылып жатқандар көп. Мұның бәрі дінді толық білмегендіктен, діни сауатсыздықтан. Кезінде мен де көп нәрсеге шектеу қойып, әке-шешемнен алшақтап араласпай кеттім. Бірақ 5 маусымдағы оқиғадан кейін Құран оқып үйрендім, ара-тұра ата-анама барып тұрамын», — деген ол артында қалған баласын, ертеңгі күнін ойламағаны үшін күйеуіне әлі де болса өкпе-реніші барын жасырмады.
«Олар үшеу еді»
5 маусымдағы терактіден зардап шеккендердің бірі – «Пантера» қару-жарақ дүкенінің сатушысы Алмат Рахметов.
«Сол күні әдеттегідей сағат 14:30-да түскі ас ішпекші болдым. Бір кезде олар дүкенге баса-көктеп кіріп келді. Маған қару тақап, оқ-дәрі сұрады. Бәрін беремін, тек тиіспеңіздер дедім. Кейін біреуі маған пышақпен тап беріп, теуіп жіберді, ал сосын «Стражник» тапашасынан екі рет оқ атты. Біреуі аяғыма, екіншісі жүрек тұсыма тиді», — деп еске алды күрсіне Рахметов.
Сол күні құқық қорғау органдары таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, радикалды топ алдымен «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған. Сауда орнының жанында белгісіз біреулер құқық қорғау органдарына қарсылық көрсеткен. Үш полицейді жаралаған террористер қызметтік автокөлікке мініп, топтарға бөлініп, екінші қару-жарақ дүкені – «Пантера» мен Ұлттық гвардияның №6655 әскери бөліміне аттанған. Көп ұзамай оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желілерді шарлап кетті.
«Пантераға» үш адам шабуыл жасады, ешқайсының түрі есімде қалған жоқ. Жаралы болсам да, артқы қосалқы есік арқылы шығып, «полиция, жедел жәрдем шақырыңдар» деп айғай бастадым. Кейін мен және тағы бір дүкеннің сыпырушысы бір үйдің кіреберісіне тығылдық», — деді ол.
Атыс кезінде үш қылмыскердің көзі жойылған, біреуі жараланды, тағы екеуі бой тасалап үлгерді. Кейін қала шетінде құқық қорғау органдары олардың да көзін жойды.
«Екінші қабаттан медбике келіп, маған көмектесе бастады. Екі жарымнан беске дейін сол жерде жаттым. Өйткені арнайы операция жүріп жатты, жедел жәрдем көлігі ғимаратқа келе алмады», — деді Рахметов.
Өкінгеннен не пайда?