Ақтөбе. 18 маусым. Елімізде барлығы 600-ге жуық адам экстремизм бабымен сотталған. Құзырлы мекеме мамандары адасқан ағым жетегінде жүргендер қатарында жастардың көп екенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.
«Экстремизм бабымен сотталушылар жазалау мекемелеріне келгеннен кейін өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Сотталғандардың өзімен ғана емес олардың отбасыларымен де жұмыстар ұйымдастырылады. 12 жыл басқа ағымда болған 25-30 жас шамасындағы жігіт райынан қайтты. Жігіт өзі 18 жылға сотталған», — дейді Астанадан келген ІІМ өкілі Бекболат Шәкіров.
Ақтөбедегі жазасын өтеу мекемелерінде 70-ке жуық сотталушы экстремизм бабымен отыр. Жазасын өтеу орындарында сотталушылармен жұмыс істеп жүрген теологтар көзқарасын өзгерткісі келмейтіндердің де барын растады.
«Осы идеологияның ұрығы 1990 жылдары себілген болса, 2006-2008 жылдары жат ағымға ергендер саны көбейді. Балақты кесу, сақалды өсіретіндер жаңа топ болып құрыла бастады. Жаңа нәрсеге көптеген жастар еріп кетті.
Ақтөбедегі қауіпсіздік комитетін жарған оқиға да осының жемісі. Адамды бір идеологиядан екіншісіне көшіру ұзақ уақытты талап етеді. Бір адамды оңалту үшін жылдар керек.
Кемі екі жылға жуық жұмыс істейміз. Қазір экстремизм бабымен сотталушылардың 50-60 пайызы көзқарасын өзгертті. Өз пікірінде қалып отырғандар да бар. Бірақ, олармен жұмыс істеліп жатыр.
2016 жылы болған теракт оқиғасына байланысты істі болғандардың алды бостандыққа шықты. Олармен қазір де жұмыс жүргізіліп жатыр. Телефонмен хабарласып тұрамыз. Мешіттерден сабақ алып, теологтармен араласып жүр.
Істегендері үшін өкінеді. Қалай басталғанын, қай жақтан шыққандарын, кімнен үйренгеніне дейін оқиғаны басынан бастап баяндап берді», — дейді теолог Дастан Ұзақбаев.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе орталығында қаруланған топ әскери бөлім мен қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасайды. Ақтөбедегі атыс кезінде 21 адам қаза болып, 38 адам жарақат алған.