АСТАНА, 23 қараша. Қазақстанда биылғы жылдың тоғыз айында терроризмге қатысты — 57 және экстремистік қылмыстар бойынша 83 іс қаралып, үкімдер шығарылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел отырысы барысында ҚР Жоғарғы соты Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин айтты, деп мекеме баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат ХАА хабарлайды.
Жоғарғы сот ABA ROLI Америкалық заңгерлер қауымдастығы өкілдігінің қолдауымен «Қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіру мәселелері. Қылмыстық істердің және бұйрық арқылы іс жүргізудің жекелеген санаттары бойынша құқық қолдану практикасы» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Оның жұмысына Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен ғылыми қызметкерлер қатысты.
Шара барысында Абай Рахметулин экстремизм мен терроризмге қатысты істер бойынша айыпталушылардың і-әрекеттерін бағалау мәселесінде «жариялылықты» ескеру керектігін атап өтті. Сонымен бірге, А.Рахметулин экстремизм мен терроризм адамзатқа төнген ең қауіпті факторлардың бірі екенін тілге тиек етті. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның соттары 2018 жылдың 9 айы ішінде терроризмге қатысты — 57 және экстремистік қылмыстар бойынша 83 істі қарап, үкімдер шығарды.
Дөңгелек үстелде сонымен қатар Жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріпов терроризм актісі бір жерді жарып жіберу немесе өртеумен ғана емес, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық желілерге ақпарат тарату арқылы да жүзеге асырылатынын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, ондай қылмысқа қатысты пиғылы барлар үшінші адам арқылы немесе үгіттеу жолымен өзінің қылмыстық жоспарын іске асыруы әбден ықтимал.