Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Мадияров: Сәләфилер адамдарды дүние-мүлікпен арбап тартады

АСТАНА, 26 қаңтар.«Шаңырақ» оңалту орталығы жөнінде естуіңіз бар ма? Білмесеңіз, бұл орталық адамның тәнін емдеп, дертіңе шипа тауып, болмаса жай ғана кеңес алатын орын деп ойлауыңыз бек мүмкін. Бірақ, Алматыда ашылған бұл орталық ел тұрғындарына діни кеңес беріп, деструктивті ағымдардың жетегінде кетудің алдын алуды немесе «соқыр сенімнің» соңында жүрген азаматтарды райынан қайтаруды көздейді. Яғни, бұл орталықтың мамандары ата дініміз бен дәстүрімізге пысқырып та қарамайтын әртүрлі ағымдармен бейбіт түрде күресу үшін құрылған.Назарларыңызға осы орталықтың директоры Мирхат Мұратұлы Мадияровтың сұхбатын Kazislam.kz сайтында оқи аласыз.

— Мирхат Мұратұлы, деструктивті діни бағыт ұстанып жүрген азаматтармен әңгімелесу немесе оларды райынан қайтару қаншалықты қиын?

— Бұған дейін еліміздегі дінтанушылардың форумында, түрлі семинарларда бұл мәселе жан-жақты талқыланып, көптеген пікірлер айтылған болатын. Мысалы, көпшіліктің сәләфизм бағытында жүргендерді қайтару қиын деген пікірде екеніне көзім толық жетеді. Бірақ, қолды бір-ақ сілтеп қарап отыруға тағы болмайды. Біздің орталық 2017 жылдың екінші жартысында 1300 адамды қабылдады. Соның ішінде 500-ден астамы сәләфизм бағытындағылар болса, олардың орта деңгейдегілерінің 400-ден астамын тоқтаттық деуге болады. Яғни, күш салсақ, жарты жылдың өзінде осындай нәтижеге қол жеткізе алады екенбіз. Бірақ, ең бастысы – дұрыс ұйымдастыра білу. Былай қарап тұрсаң, бізді полиция да, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті де, журналистер де бақылап отыр, сонда да олар көбейіп жатыр. Неге? Өйткені, бәрі жан-жақта шашырап жүргендіктен, ұйымдастыру жағы әлсіз болып, адасушылардың саны артып кетіп жатыр.

— Сонда оларды қалай тоқтатасыздар? Арнайы әдіс-тәсілдері бар ма?

— Әрине, қатып қалған қағидаға сүйенетін адаммен тіл табысу, сөйлесіп кету оңай емес. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар өздерінің методикаларымен бөлісіп, ұтатын тұстарын көрсетіп жатыр. Ендеше, солардың бәрін біріктіріп, жүйелі түрде жұмыс жасалуы үшін арнайы әдістеме дайындалуы қажет деп есептеймін.

Мәселен, көптеген мамандар тарапынан «…лидерлеріне ғана күш салайық» деген ұсыныс айтылды. Бұл – бұрыннан қолданылып келе жатқан ескі әдіс. Яғни, «көштің» басында жүрген белсенділерінің бетін бері қаратсақ, соңынан ергендерді де иіп аламыз деп ойлаймыз. Шынында, олай емес. Олардың лидерлері біреу, екеу, үшеу деп саусақпен санайтындай емес. Сондықтан, барлығына да деңгейіне қарай күш салуымыз керек. Ол үшін тағы қайталап айтайын, арнайы әдістеме, яки, ортақ методикамыз болуы шарт. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігі жыл сайын методикаларын жаңартып, дәрігерлер де біліктігін жылма-жыл арттырып отырады. Сол сияқты, қоғамның рухани дертіне ем табу үшін бізге де ілгері даму, ұдайы пікір, білім алмасып отыру қажет-ақ.

Жақында ғана радикалды бағытта жүрген адамдармен байланысудың арнайы методикаларын жасақтап, Қоғамдық келісім комитетіндегі сарапшы мамандарға жолдаған едік, олар әдістемемізді қолдап, Құдай бұйырса биылдан бастап республикамыздың кез келген түкпірінде осы еңбегімізді пайдаланбақпыз.

— Осы жат ағымдарға қандай санаттағы адамдар жиі кіріп кетеді?

— Негізінен, әлеуметтік мәселе, жұмыссыздық, әсіресе, жастардың түрлі ағымдарға еріп кетуіне себеп болып отыр. Мысалы, Денис Тенді өлтірген қылмыскерлер айна ұрлап ақша табуды көздесе, мұның көрінбей қалған екінші тұсы бар. Ол – осындай ұрлықпен айналысып ақша тауып жүрген жігіттерді «СТО ашып берем» деп алдап, арбайтын жат ағымдар. Алматыны алып қарасақ, 1500-ден астам қаракөз қандасымыз христиан дініне өтіп кеткен. Әкесі – қазақ, шешесі – қазақ бола тұра, христиан дініне өтіп кететіндей не күн туды? Міне, олар да халықты дүниемен қызықтырады.

Одан кейін рухани ізденісте жүрген жастардың да радикалды бағытқа ауып кету қаупі жоғары. Ал ағымға еріп адасып жүргендердің, бір тобының Сирия асуының басты себебі – діни сауатсыздық. Жастарды іліп әкететін секталардың өкілдері сөзге шешен келеді және бірден иманның 6 шартын айтып, соның ішінде тозақпен қорқытып, ақырында тыңдаушысын өздеріне иіп алады. Мұны «сөзбен-ақ көндіру күші» деп атаймыз.

— Ендеше секталардың торына түсіп қалмау үшін не істемек керек?

— Біздің жұмысымыздың 3 бағыты бар. Біріншісі – профилактика, яғни, мәселенің себебімен күресіп, алдын алу. Ол – салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ханафи мәзһабымен жүруді жастар арасында насихаттау, жат ағымның ішкі-сыртқы сипатын кеңінен түсіндіру болатын. Бірақ, біз қазір себеппен емес, салдарымен күресіп жүрміз. Анық адасып жүргендердің қатары көбейіп кетті деп қараңғы төндіре беруге тағы болмайды. Мәселен, елімізде 18 миллион тұрғын бар десек, соның 12 миллионы – мұсылмандар. Ал олардың 1%-ын ғана бес уақыт намазын оқитындар құраса, соның 85%-ы – ханафи мәзһабын ұстанатындар. Демек, қалған 15%-ы, яғни, тұла-бойы агррессияға толы, «дәлелің қайсы?» деп шапшып тұрғандармен жұмыс істеуге тиіспіз.

Біздің «Шаңырақ» оңалту орталығы солардың ұстазы кім, қайдан білім алды, ақпарат жинады, кіммен араласты, соның бәрін анықтай келе диагноз қояды. Дәрігерге барсаңыз не тамақ жегеніңізді немесе қандай дәрі ішкеніңізді, немен айналысқаныңызды сұрап барып, диагноз қояды ғой. Бізде де солай. Сөйлесетін азаматтың деңгейін анықтаймыз. Бірінші кластың деңгейіндегі адамға Нұр-Мүбәрактың теолог, профессорын сөйлесуге жібермейміз. Өйткені, дінді жан-жақты зерттеген ғалымды түсінбей әлгі кісі ызаланса, маған түк ұқпайтын адамды неге әкелдің деп профессор ашулануы мүмкін. Жоғары деңгейлі мамандарды қатып қалған, ақиданы қозғап тұрып алатындармен кездестірген ләзім. Ал енді ғана намазын оқып, дінді енді түсініп келе жатқан адамға медресенің 3-курс студентін жіберсе де жеткілікті.

— Ділмұрат, Назратуллалардың ұсталып, елге қайтуы қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

— Меніңше, бұдан қауіптенудің қажеті жоқ. Керісінше, солардың соңынан ергендер үшін, яғни, олардың түсінігінше нағыз мұсылмандар Сауд Арабиясында, Меккеде өмір сүрсе, саудиялықтардың өзі Ділмұраттарды бізге ұстап беріп отыр. «Нағыз мұсылмандардың ортасында жүрміз» деп ұрандаған оларды террорист деп айыптағандықтан, дәл қазір ауыздарына құм құйылып тұр. Осыны басты назарда ұстап, фитна шығарушылардың кім екенін қорықпай айтуымыз керек. Ділмұрат пен Назратулла Қазақстанға да сыймады, Сауд Арабиясында да бүлік шығарды. Демек, олардан сақ болуымыз керек деп реті келгенде мамандар адасып жүрген бауырларымыздың құлақтарына құя беруі керек. Сонда ғана жұмысымыз нәтижелі болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *