ҚАРАҒАНДЫ, 18 наурыз. Қарағанды облысының мамандары аймақты синтетикалық есірткі басып бара жатқанын айтады. Сот сарапшылары мен заңнама үнемі өзгеріп отыратын синтетикалық есірткінің формуласын анықтап үлгермейді. Есірткіге тәуелді жандар мен туыстарын анонимді кабинетке жәрдем сұрап баруды кешеуілдетпеуге шақырған дәрігерлер оны елемеудің соңы опық жегізуі мүмкін екенін ескертеді, деп Азаттық Радиосы жазады.
«АНАМНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚҰТЫЛДЫМ»
25 жастағы қарағандылық Екатерина (фамилиясын айтпауды сұрады) есірткі пайдаланушылар арасында кең тараған «скорость» деп аталатын синтетикалық есірткі түрін бірнеше рет тұтынғанын, бірақ кейін одан құтылғанын айтады. Өз сөзінше, анасының жәрдемі мен оқшау емделудің арқасында кеселден арылған. Бұрын ол екі жыл есірткіге тәуелді болған және оның ауыр түрі – героинды тұтыныпты. Героин табу қиындаған соң қалада енді тарай бастаған «скорость» синтетикалық есірткісіне көшкен.
«Басынды оны бір рет иіскеп көрдім. Сосын қанағат тұтпай, инемен салдым. Салдарынан бойымды үрей билеп, есімнен ауысқандай күй кештім, төртінші қабаттан секіргім келді. Сол сәтте анам мені ұстап қалмағанда аман қалмас едім. Есуас адамның күйін кешесің: бір затты он рет басқа орынға ауыстырып қоясың, тәулік бойы еденді шұқылап жата бересің немесе (өзің ойлап тапқан) полициядан тығыласың» , — дейді Екатерина.
Ол синтетикалық есірткі қолданатын басқа адамдардың басынан өткен жағдайды да біледі. Қыздың айтуынша, мұндай есірткі адам психологиялық тұрғыда тез шырмап алады. Ал одан «шығатын» кезде адам қатты күйзеліп, торығады.
Бұрын есірткіге тәуелді болған, қазір сондай адамдарға көмектесумен айналысатын Игорь Скурухинның айтуынша, мұндай есірткі әркім әртүрлі әсер етеді: біреу ұша аламын деп ойлап, шатырдан секіреді. Енді бірі өзінен-өзі үрейленіп, ойдан шығарылған адамдардан немесе жәндіктерден қорқады.
«Бізге ұлын алып келген бір әйел, өзінің қолынан келмегенін айтып, көмек сұрады. Анасының сөзінше, ол «синтетиканы» егіп немесе шегіп алады да, асүйде пышақ ұстап отырады. Өзін біреулер қудалап жүр деп елестетіп, солардан қорғанады. Анасы болса ұлының қасында отырып, оны әлгілерден «қорғайды». Бізге мұндай адамдар түскенде оларды ұстап отыру өте қиынға түседі. Келген бетте бірнеше тәулік ұйықтауы мүмкін, себебі есірткі тұтынғанда ұйқысы қашып, бір орында отырмай, тыным таппайды. Ал ұйқысы қанған соң жағдайы қиындайды: күйзеліп, торығады, қайтадан есірткі іздейді. Сондай кезде оларды ұстап қалу өте қиын. Онымен сөйлесесің, бірақ сөзіңді ұқпайды, бүкіл есіл-дерті есірткіде болады», — дейді Скурухин.
СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтары және прекурсорларға Қарағандыдағы сот сараптамасы институтында сараптама жасайды. Бұл жерде қолға түскен заттың есірткі тобына жататынын және заңды немесе заңсыз екенін анықтайды.