НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір. Атырау облысында кәмелет жасқа толмаған қыз бала әлеуметтік желіге экстремистік бағыттағы жазбаны жариялағаны үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап KAZISLAM хабарлайды.
Жергілікті сотта Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 453-бабының 1-бөлігімен жасы кәмелетке толмаған Ж.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
«Жасы кәмелетке толмаған Ж. «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бұқаралық ақпарат құралдарына жататын ашық түрде экстремистік материалдарды, яғни, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған уағыздаушылар «Ибн Усаймин» және «Ділмұрат Абу Мухаммад» діни материалдарының дыбыс жазбаларын жүктеп, осы уағыздарды өзі тыңдаған», — делінген хабарламада.
Сотта кәмелет жасқа толмаған қыз бала кінәсін толық мойындап, анасы да қызының әрекеті үшін кешірім сұрады. Сот айыпталушыны жауапкершіліктен босатып, заңды түсіндіру түріндегі тәрбиелік ықпал ету шарасын қолданды.