НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр. Бішкекте Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы жағдайы талқыға салынды. Қырғызстан астанасында аталған ұйымға мүше-мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 14-ші дәстүрлі кездесуі өтті.Бұл туралы Kazakh TV хабарлайды.
«Ұйымға мүше-мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары сегіз жақты форматта ұйым кеңістігіндегі, аймақтағы және жалпы, әлемдегі ахуал жайлы пікір алмасты. Сонымен қатар, елдердің қауіпсіздігіне төнген қатер мен қазіргі үндеулерге төтеп беру және өзара іс-қимылды жетілдіру перспективалары сөз болды»,- деді ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов.
Шанхай Ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары жаһандық ғаламторға баса назар аударды. Кездесуде ғаламтор мен басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы террористік идеологияны таратуға қарсы әрекет ету бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Сонымен қатар, Астаналық процестің сириялық дау-дамайды шешудегі ең маңызды шаралардың бірі екендігі атап өтілді.
«Терроризмге және экстремизмге қарсы әрекет ету желеуімен мемлекеттің ішкі істеріне араласуға жол бермеуге баса назар аударылды. Тараптар терроризммен, сепаратизммен күресте Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттердің ынтымақтастығының 2019-21 жылдарға арналған бағдарламасын кешенді іске асырудың қажеттілігін атап өтті»,- деп мәлімдеді ҚР Қауіпсіздік кеңісінің хатшысы Дамир Сағынбаев.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының Бішкекте өткен кездесуі маусым айының ортасына белгіленген ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларының Саммитіне дайындық аясында өткізілді. Күн тәртібінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымы кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері қаралады.
Еске салайық, қазіргі кезде ұйымға сегіз мемлекет мүше — Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан.