ӨСКЕМЕН, 24 мамыр. Өскемен қаласында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері героиннің ірі партиясын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 4 адамнан тұратын қылмыстық топ Өскемен қаласының аумағында героин сатып келген. Олардың ең үлкенінің жасы 43-те болса, ең жасы 34-те екені анықталып отыр.
17 мамыр күні сақшылар қылмыстық топтың 40 жастағы мүшесін «Стрелка» ауданында тоқтатады. Көлікті тінту кезінде артқы орындықтан белгісіз ұнтақ салынған қалташалар шыққан. Кейін сараптама оның 46 грамм героин екенін анықтаған.
«Қылмыстық топтың өзге мүшелерін ұстау кезінде тағы да есірткі табылды. Жалпы 110 грамм героиннің таралуына тосқауыл қойылды. Бұл 230 орташа дозаға тең. Күдіктілерді тінту кезінде есірткіден бөлек 760 мың теңге ақша шықты. Құрықтау операциясына Ұлттық ұлан сарбаздары да атсалысты. Күдіктілер уақытша қамау изоляторына алынған. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің маманы Азамат Раисов.