НҰР-СҰЛТАН, 02 тамыз. Татарстан соты «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын қолдап, «террористік шабуыл жасамақ болды» деп күдікке ілінген екі азаматты қамауға алу туралы қаулы шығарды, деп kazislam.kz хабарлайды.
Қазан қаласының Вахитов аудандық соты 1 тамызда Руслан Шамсутдинов пен Ильшат Зайнабутдиновты екі айға қамады. Олар бір күн бұрын ұсталып, «терроризмді насихаттады» және «адам жалдады» деп айыпталған. Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) тінту кезінде айыпталушылардан жарылғыш зат пен оған қажетті қосымша бөлшектер табылғанын мәлімдеді.
Ресей билігі бұған дейін «Ислам мемлекеті» тобы қатарында соғысу үшін Сирия мен Иракқа екі мыңға жуық ресейлік кеткенін хабарлаған.