НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз . Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде 19 тамыз күні Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Станислав Василенконың БҰҰ жүйесі агенттіктерінің бірлескен делегациясымен, оның ішінде БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес басқармасының, БҰҰ Даму бағдарламасының және БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өкілдерімен кездесуі өтті, деп ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында тараптар «Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмге төзімділікті күшейту: ЕО және БҰҰ бірлескен серіктестігі» (Strengthening Resilience to Violent Extremism in Asia (STRIVE Asia): A Joint EU-UN Partnership) жобасын Қазақстанда жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.
STRIVE Asia жобаның негізгі мақсаты — Үкімет, қауіпсіздік субъектілері, азаматтық қоғам, ғылыми орта және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таяудағы төрт жылдың ішінде көпжақты көзқарас арқылы Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияда зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимылға және алдын-алуға үлес қосу болып табылады.
Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, соңғы жылдары зорлық-зомбылық экстремизмнің таралуы халықаралық қауымдастықтың бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты күш-жігеріне елеулі қауіп төндіруде. Орталық Азия елдерінің көпшілігінде радикалдану мен діни экстремизмнің өсуі байқалды, оның көзі аймақ бойынша қозғалатын немесе өз елдеріне оралған шетелдік террорист-содырлар (ШТС) екендігі анықталды.
Жобаның жалпы бюджеті 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаның негізгі доноры – Еуропалық Одақ.
Шетелдік террорист-содырларды (бас бостандығынан айыру орындарында), сондай-ақ «Жусан» гуманитарлық операциясы кезінде Сириядағы соғыс аймақтарынан эвакуацияланған қазақстандық азаматтарды қалпына келтіру және реинтеграциялау қажеттілігін ескере отырып, ЕО мен БҰҰ құрылымдарын біріктіретін STRIVE Asia жобасы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы Қазақстанның әлеуетін нығайтуға жағдай жасай алады.