НҰР-СҰЛТАН, 06 қыркүйек. БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) террористік және зорлық-зомбылық экстремистік топтар тарапынан балаларды тартуға қатысты алдын алу және әрекет ету шаралары мәселелері бойынша Қазақстанда консультативтік миссия өткізеді, деп ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Facebook-тегі ресми парақшасына сілтеме жасап bilimdinews.kz хабарлайды.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері БҰҰ ЕҚБ өкілдерімен кездесіп, балаларға арналған сот төрелігі мәселелерін, террористік және зорлық-зомбылық экстремистік топтармен балаларды тарту және оларды пайдалану мәселелерін талқылады.
БҰҰ ЕҚБ қызметкерлері балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа және терроризмге қарсы күрестің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында арнайы техникалық көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Тараптар 2019 жылдың 6 қыркүйегінде алқасөз отырысында талқыланған мәселелер бойынша қорытындылар мен ұсынымдармен бөлісуге келісті.