НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясында сөйлеген сөзінде шиеленістерді шешу мен бейбітшілікке қол жеткізудегі көмегі бойынша Қазақстан тәжірибесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Таяу Шығыстағы оқиғаларды — өзара жеккөрушілік пен зорлық-зомбылықтан азап шеккен адамзат өркениетінде болып жатқан оқиғаларды үреймен бақылап отырмыз», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында. Оның айтуынша, Қазақстан берік бейбітшілікке және сенімді нығайтуға негізделген екіжақты және көпжақты әрекеттерді қолдайды.
Қазақстан инклюзивті диалогты қолдауға жақсы мысал бола отырып, Сирияаралық келіссөздер үшін алаң ұсынады. Президент сондай-ақ осы келіссөздің 13 раунды еліміздің астанасында өткенін еске салды.
«Женева келіссөзін толықтыратын Астана процесінің арқасында соғыс қимылдарын тоқтатуға қол жетті. Босқындардың қауіпсіз оралуы үшін жағдайлар жасалып, деэскалация аймақтары құрылды. Қақтығыстардың жойқын салдары болатыны және терроризм мен экстремизм туғызатыны белгілі. Бұл мәселелерді БҰҰ қамқорлығымен ғаламдық антитеррорлық желі шеңберіндегі бірлескен іс-қимылдардың арқасында ғана бейтараптандыруға болады», — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қ.Тоқаев терроризмге қарсы іс-шара ретінде Қазақстан 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығына орай терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін Тәртіп кодексін ұсынғанын атап өтіп, барша әлемді осы процеске қосылуға шақырды.
«Биыл Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлесіп, «Жусан» арнайы гуманитарлық миссиясын сәтті аяқтады. Нәтижесінде терроризм насихатына алданған 595 Қазақстан азаматы, оның ішінде 406 бала Сириядағы соғыс аймақтарынан үйлеріне оралды», — деп қосты Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақстандық тәжірибені басқа елдермен бөлісуге дайын екенін білдірді және қатысушылардың барлығын осындай шаралар қабылдауға шақырды.