НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан. Беларусь үкіметі құрамында никотин бар өнімдердің саудасына бақылауды күшейтпек. Қазіргі кезде оны кәмелетке жетпеген жасөспірімдер де сатып ала алады, деп хабарлайды 24.kz.
Ал снюс деп аталатын қоспаларға мүлдем тыйым салынған. Алайда өндірушілер түрлі айлаға барып отыр. Жақында снюспен уланған бірнеше оқушы ауруханаға түскен болатын. Жыл сайын Беларусьте шылым шегуді шектейтін жаңа заңдар қабылданады. Биыл жазда аялдамалар мен балалар алаңдарында темекі шегуге тыйым салынды. Бұл ереже электронды шылымға да қатысты.
Осындай қоспалар саудасының бақылауын күшейту — дұрыс шешім. Нарықта бұндай тауарлар көбейіп келеді, оны балалар мен жасөспірімдер де еркін сатып ала алады. Снюсты сатып алу үшін жасы бойынша еш шектеу жоқ. Осы шайнау қоспаларында темекі жоқ, тек никотин ғана. Оны балалар жиі тұтынатын болды. Осы ретте заңды тез арада қабылдау қажет.