ТАРАЗ, 31 желтоқсан. Қазір улы затты ел аумағына кіргізуге де, сатуға да тыйым салынған. Алайда аты жаман улы қоспа жергілікті нарықта таралып үлгерген. Бұл жағдайды мамандар қатаң бақылауға алды. Қазір дүкендер жаппай тексеріліп жатыр, деп 24.kz хабарлайды.
Бүгінгі күнге дейін 10 аудан мен облыс орталығындағы 400-ден аса сауда орны қамтылып, екі бірдей сату дерегі анықталды. Дәрігерлер снюстың құрамын зерттеп, адам ағзасына орасан зор зиян келтіретін улы қоспаларды тапты.
«Бұл сатылып, табылып жатса, онда ол кәсіпкерлер 500 айлықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады сотпен. Өзіміз жақтан біз полиция департаментіне де хат жаздық. Анықталған фактілерді қай жерде болып жатқанын, қалай болғанын жазып бірге жұмыс істеп жоюға тырысамыз», — деді Жамбыл облысының бас санитариялық дәрігері Байділдә Шыналиев.
«Оны бір қабылдайды, екі қабылдайды. Сосын жас ағза тез тәуелді болады. Яғни, тәуелді болғаннан кейін одан арылу қиынға соғады. Бұда өте көп никотиннің түрі, кәдімгіден өте көп. Және бұның ішінде 30 канцорегендік заттар табылған. Канцероген деген ол рак ауруын тудыратын», — деп түсіндірді Жамбыл облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Тыныбекова.