НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан. АҚШ-тың «Талибан» қозғалысымен бейбет келісіме отыратын күн «өте жақын» деп мәлімдеді президент Дональд Трамп. Оның айтуынша, қозғалыс өкілдері де «келісімге отыруға асығады».Бұл туралы centralasian.org хабарлайды.
Трамп бейбіт келісімге қашан қол қойылатынын айтпады, бірақ бұл жағы айдың соңына дейін белгілі болатынын ескертті. АҚШ президентінің мәлімдемесін AFP агенттігі таратты.
Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысымен бейбіт келіссөзге отыру жұмыстары сәтті жүріп жатқанын бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мәлімдеген. Оның айтуынша, 2001 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты Трамп аяқтағысы келеді.
Бұның алдында, 13 ақпанда, Пентагон басшысы Марк Эспер АҚШ пен «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда жеті күн оқ атпау туралы ұсыныс әзірлегенін мәлімдеді.
«Талибан» өкілі жұмадан бастап әскери операцияларын азайтатынын растады.
«Талибан» 1996 жылдан бастап 2001 жылға дейін Ауғанстанның барлық дерлік өңіріне бақылау орнатты. 11 қыркүйектегі терактіден соң тәліптер АҚШ-қа Усама бин Ладенді беруден бас тартты. Одан соң АҚШ бастаған коалиция тәліптердің ауғандағы қарсыластарына Кабулды және елдің басым бөлігін қайтаруға көмектесті. Дегенмен Ауғанстанда терактілер мен әскери қимылдар тоқтамай тұр.