АТЫРАУ, 20 ақпан. Атырауда Facebooк-тегі жеке парақшасында діни араздықты қоздыратын ақпараттар жариялаған азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы 2-бөлігі бойынша іс қаралды.
«Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылғы 12 желтоқсанда Атырау облыстың Дін істері басқармасының мамандары әлеуметтік желіде мониторинг жүргізген. Мониторингтің нәтижесінде құқық бұзушы А. Facebooк-тегі жеке парақшасында дiни араздықты қоздыруды насихаттауға бағытталған материалдарды салғаны және таратқаны анықталды. Дінтану сараптамасының қорытындысына сәйкес, құқық бұзушы А. Facebooк-парақшасында жүктеген материалдар экстремизмді насихаттайтыны дәлелденді», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Сот құқық бұзушыны кінәлі деп танып, 53 020 теңге айыппұл салу түрінде жаза қолданды.