ТҮРКІСТАН, 18 наурыз. Жүк автокөлігінің жүргізушісі Өзбекстанға есірткі затын алып өтпек болған кезінде ұсталды, деп Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Turkistan Media хабарлайды.
Қазақстан азаматы есірткі заттарын Өзбекстанға «Қапланбек» кеден бекеті арқылы өткізбек болған.
Департамент қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара өкілдерімен бірлесе тексеру барысында 1966 жылы туылған Қазақстан азаматын ұстады. Заңсыз зат қызметтік иттің көмегімен табылған.
Жалпы салмағы 1,1949 келі гашиш пакеттерінде жасырылған орамасын алып жүрмек болған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Материалдар Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.