НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз. Түрік қарулы күштері Сирияның солтүстігінде «Бейбітшілік көзі» операциялық аймағына енуге тырысқан Күрдістанның жұмысшылар партиясы лаңкестерінің Сирия қанатының 9 содырын жойды. Бұл туралы Анадолу агенттігі Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Лаңкестер Түркияның арнайы күштерінің сәтті жұмысының нәтижесінде жойылды.
«Түрік армиясы аймақта бейбітшілік пен тыныштықты сақтау үшін қадамдар жасауда», — делінген министрлік хабарламасында.
Президент Режеп Тайып Эрдоған Күрдістанның жұмысшылар партиясының содырлары алғаш рет 1984 жылы Түркияда қанды қылмыс жасағаннан бастап және 2020 жылдың наурызына дейін бұл қанды ұйымның қолынан 7500 түрік қауіпсіздік күштер қызметкерлері мен 6800 бейбіт тұрғын қаза тапқанын мәлімдеді.
Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық Одақ Күрдістанның жұмысшылар партиясын лаңкестік ұйымдардың тізіміне енгізді.
Анкараның жағдайды шешуге тырысқанына қарамастан, Күрдістанның жұмысшылар партиясы лаңкестік ұйымы 2015 жылдың шілдесінен бастап қарулы шабуылдарды қайта бастады.
Соңғы жылдары Күрдістанның жұмысшылар партиясы аймақтағы қанды қылмыстар үшін жауапкершілікті өз тармақтарына жүктеуге тырысады.
Сирияда Күрдістанның жұмысшылар партиясы лаңкестері PYD және YPG деген атты жамылып келеді және соңғы екі жыл ішінде өздерін «Сирия демократиялық күштері» деп атап келеді.
Күрдістанның жұмысшылар партиясы Иранда «Күрдістанның еркін өмір партиясы» (PJAK) ретінде әрекет етеді.