КӨКШЕТАУ, 17 сәуір. Ақмола облысындағы Бестөбе кентінің тұрғынынан 14 келі есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, ер адам есірткі затын өзі қарасора тәрізді өсімдіктен жасап сатқан. Есірткі саудалаушы Бестөбе кентінде 13 сәуірде ұсталды.
«Есірткі қылмысымен күрес жөніндегі басқарманың қызметкерлері ер адамның өңірде есірткі саудасына қатысы барын анықтау үшін бірқатар алдын алу шарасын жүргізді. Тінту кезінде оның үйінен полиэтилен және қағаз бумаға, 5 литрлік пластик ыдысқа салынған 14 келі есірткі заты тәркіленді. Бұдан бөлек, марихуана, 49 түп кептірілген қарасора, және 2 грамм гашиш алынды», — дейді ведомстводан.
Қазіргі кезде тәртіп сақшылары Бестөбе кентінің жұмыссыз жүрген тұрғынынан осыншама мөлшерде есірткі қайдан алғанын анықтап жатыр. Сонымен қатар, Ақмола өңіріне жеткізу жолдарын анықтау қолға алынған.
«Бестөбе кентінің 48 жастағы тұрғыны оқшаулағышқа қамалып, үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп толықтырды ведомстводан.