Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Адасқандарды үйіріне қосу – ортақ міндет

Маңғыстау. 19 наурыз. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз көшеде бет-аузын тұмшалап, етегі жер сызған қап сияқты көйлек киген қыз-келіншектер мен иегінде бес тал сақалы бар шолақ шалбарлы ер адамдарды көрсек еріксіз жиырыламыз. Ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанған діннен безіп, адасып жүрген оларды тура жолға салмай отырған үкіметке ренжиміз. Ал шындығына келетін болсақ, елімізде, соның ішінде облысымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыстық дін істері басқармасы жанындағы дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Бақтыгүл Шопанованың әңгімесі осы жұмыстар төңірегінде өрбиді.

2014 жылы құрылған меке­меміздің жұмысы негізі­нен деструктивті діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге көмек көрсету, жастармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, әлеуметтік бас­тамалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, жалпы профилактика және жеке оңалтудан тұрады.

Біздер өз жұмысымызда Мемлекет басшы­сының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терро­ризмге қарсы іс-­қимыл жөніндегі 2013­2017, 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны басшылыққа аламыз. Бағдар­ламаның негізгі мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыс пен нысаналы топтар арасындағы ақпараттық­ насихат жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту.

Алғашқы жылдары түсіндіру шараларын тек қана білім беру ұйымдарында жүргізсек, кейін жұмысымыздың ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік, жеке мекемелер арасында, базар­ларда, әуежайларда, автовокзалдарда, автотұ­рақтарда, ауылдарда өтетін жәрмеңкелерде, қысқасы халық көп шоғырланатын жерлерде өткізудеміз. Ақпараттық­түсіндіру тобының құрамында теологтар, дінтанушылар, мем­лекеттік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, жазушылар, ақсақалдар, арда­герлер, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жастар бар. Кездесулерде діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көр­сететінін, ата­-бабамыз ғасырлар бойы дә­ріптеген дінімізге, қалыптасқан салт­-дәс­түрімізге, атап айтқанда келіннің бетін ашу, сәлем салу, өлілерге құран бағыштап, үлкендерді құрметтеу сияқты ұлттық құн­дылықтарымызға күдік келтіріп, қарсы қоя­тынын айтамыз. Олардың арбауына түсуден сақтану жолдарын түсіндіреміз. Дәстүрлі ді­німізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен көптеген адамдардың өз жақындарынан, достарынан теріс айналып кететінін, балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, олардың музы­ка тыңдауына қарсылық білдіріп, мемлекет­тік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндерін мысалдар келті­ре отырып айтамыз. Жақындарының немесе балаларының бойынан осындай өзгерістер­ді байқаса, біздердің көмегімізге жүгінулерін өтінеміз.

Осындайда кейбір үлкен адамдар «Мұның бізге не қажеті бар, енді біз өзгермейміз ғой» деп ренжігендей болады. Көпшіліктің ал­дында солай дегенмен кейін кейбіреулері орталыққа телефон шалып, туыстарының біреуі теріс діни ағымды ұстанып жүргенін айтып, көмек сұрайды, бірақ оларға бізбен хабарласқанын айтпауын өтінеді. Өкінішке орай, елімізде салафизм, уахабизм ағымына тыйым салынбағандықтан, үйіне баса­көктеп кіріп, балаларына бағытының дұрыс еместігін айта алмаймыз, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп данышпан Абай айтқандай, теріс діни ағымға көбіне жұмыссыз жастар еріп кетеді. Мұның алдын алу үшін біздер оларды жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке орналастыруға тырысамыз. Жат ағымның жетегіндегі әйелдердің көпші­лігі күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шықпай, үйде отыратыны белгілі. Оларды біз үйде оты­рып жасайтын кәсіпке – тігіншілікке, конди­терлікке үйретеміз.

Орталық ашылғаннан бері бізді «адамдар­дың деструктивті бағытқа кетуінің себебі не?» деген сұрақ мазалады. Оның жауабын табу үшін психологтарды шақырып, жұмыс жасау жолдарын сұрадық. Бұл бірте­-бірте олардың жан дүниесіне бойлап, сеніміне кіруге мүм­кіндік туғызды. Теріс ағымға түскен адаммен алғаш кездескенде діни бағыты жайында сұ­рақ қоймай, мұндай қадамға баруға не себеп болғанын білуге, яғни әлеуметтік портретін жасауға тырысамыз. Жалпы баланың теріс бағытқа түсуіне отбасындағы жағдай, ата­-ана­ларының ішкілікке салынуы немесе ажыра­суы, баласына дұрыс мейірімін төкпеуі, бір сөзбен айтқанда жақындарынан жылулық, қолдау көрмеуі себеп болатынын білдік. Бірне­ше рет кездескеннен кейін ғана оның шынайы бейнесін көреміз, сеніміне кіреміз. Әрине, бұл айтуға ғана оңай, бұған жету үшін психологта­рымыз бен теологтарымыз біраз тер төгеді.

Жалпы қай адамның да деструк­тивтік ағымға еріп кетуіне психологиялық факторлар себеп бо­латын болса, ал осы уланған сананы оңалту ұзақ уақытты қажет етеді. Мұны түсінбеген кейбір ата-­аналар баласын бір­-екі әкелгеннен кейін нәтижесін көргісі келіп, біздерге рен­жіп те жатады. Мұндайда оларға уақыт пен төзімнің қажеттігін айтып, өздерінің де үлес қосуын өтінеміз. Бір айта кетерлігі, көп ата­-ана баласы теріс ағымға кіріп кеткеніне біраз уақыт өткеннен кейін келеді. Ал кейбіреу­лері ішкілікке салынған баласының намаз оқығанына мәз болып жүре береді де өздері­ не қарсы шыққасын немесе бала­шағасын тастап кетіп қалғаннан кейін ғана хабарласа­ды. Әрине, уақыт өтіп кеткесін оларды дұрыс жолға салу оңайға соқпайды. Сондықтан да әрбір ата­-ана баласының жүріс-­тұрысына, араласатын адамдарына, бір сөзбен айтқанда тәрбиесіне мән беруі қажет. Балаға жаста­йынан ұлттық құндылықтарымызды – әдет­ ғұрпымызды, салт­-дәстүрімізді, тілімізді, ді­лімізді құрметтеуге баулу керек. Бұл бағытта Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласында жан-­жақты айтылған.

Өкінішке орай ата­-аналардың көбі бала тәрбиесіне жауапсыз қарайды. Рухани жа­ғынан тәрбие бергеннен гөрі, тамағы тоқ, көйлегі көк болғанына мән береді. Олардың енжарлығы сондай, теріс діни ағымның бала болашағына тигізер кесірі мен салдары тура­лы қанша айтсақ та селт етпейді. Тек Сирия мен Иракқа кетіп қалған жастардың тағды­рын баяндайтын бейнефильмдер мен роликтер көрсеткенде ғана елең еткендей болады.

Кейбір ата­-аналар баласын мешітке жібер­месе жат ағымнан сақтаймын деп ойлайды. Бірақ саналы тәрбие алмаған баланың үйде отырып-­ақ, интернет немесе көршілердің ықпалы арқылы бөтен жолға оп­-оңай түсіп кететінін ескермейді. Тағы бір айта кететін жайт, мешітке барып, имаммен сөйлескен ба­ла ешқашан да жат ағымның жетегіне ермей­ді. Оларды бұзатын, үгіттейтін топ – мешіттің айналасындағы пиғылы жаман, ойы бұзық адамдар.

Бұл күндері жобасы ҚР Парламенті Мә­жілісіне ұсынылып, талқыланып жатырған Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне кәмелет жасқа толмағандарға заңсыз діни ықпал жасауға, білім беру меке­мелерінде тіркелмеген діни бірлестіктердің өкілдеріне діни іс­-шаралар ұйымдастыруға тыйым салу туралы нормалар енгізілуде. Со­нымен қатар жеке үйлерде заңсыз діни дә­рістерді өткізуге де тыйым салынбақшы.

Мұның бәрі еліміздің болашағы – жастар­ды жат діни ағымның әсерінен сақтап, ғасыр­лар бойы ата-­бабамыз қастерлеген дәстүрлі дінімізді ұстап, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауға баулитын игі шаралар деп ойлаймын.

Әңгімелескен Еркеш  НӘРЕМБАЕВА

Ақпарат көзі: 7292info

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *