Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Қазақ даласында діни фанатизм болмаған

Алматы. 10 сәуір. Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінде «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында «Зайырлы мемлекеттегі діннің қоғамдағы салт-дәстүрмен сабақтастығы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Діннің қоғамдағы салт-дәстүрмен өзара байланысын, сабақтастығын көрсетуді мақсат еткен басқосуды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, аудан әкімдігінің аппараты мен қалалық Қоғамдық кеңес ұйымдастырды. Шараға отандық және шетелдік дінтанушы ғалымдар қатысты.

Конференцияны жүргізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығы­-ның жетекшісі Кәкімжан Бишманов бүгінгі таңда еліміздегі діни ахуал күн тәртібінен түспей отырғанын, әсіресе жастар арасында мұндай талқылаулардың маңызы зор екенін атап өтті.

ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева өркениетті даму заманында қазақ мәдениетінің ділі, діні, салт-дәстүрі өзіндік бренд ретінде қалыптасу керектігіне мән берді. «Еліміздегі діндарлық феноменді де ескерген жөн. Қазақ даласында діни фанатизм болған емес. Қазақ арасында Әбу Ханифа мазһабының кең таралуының басты себебі де осында жатыр. Діннің дәстүрмен біте қайнасып мәдениетте көрініс табуы, дін­-нің мәдениет феномені ретінде қабылдануы, діннің атеистік заманда да өмірлік болатынын тарих көрсетті. Тарихта исламға қатысты біршама қысым жасалса да, мәдениеттегі көрінісі арқылы бүгін де жалғасын тапты. Дін қоғамдық сананың формасы ретінде қоғам мен адам өмірінде, халықтың мәдениеті мен дәстүрінде елеулі рөл атқарады. Дін – өркениетті адамзат тарихында көне дәуірден орын алған рухани құбылыс. Дінаралық сұхбаттастыққа басты мән беру әлемде тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға бастайтын ұстаным болуы тиіс. Өйткені соңғы кездері саясиланған діни ұстанымдар салдарынан кейбір елдерде конфессияаралық қақтығыстар орын алып отыр. Бұл жағдай діннің қызметін дұрыс білмеуден туындайды» дей келе, дін мен мемлекет қауіпсіздігі тығыз байланысты екендігін атап өтті.
Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы халқымыздың ұлттық болмысын жоғалтпай, мәдени құндылықтардың жаңғыруына серпін беретініне сенімін білдірді. Ол аталмыш конференция мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің дінмен өзара байланысын, сабақтастығын көрсету бағытындағы маңызды шара екеніне тоқталды. «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз. Қанша ғасырлар өтіп, қанша қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып өзгермейді. Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі ислам дінімізді, мәдениеті­міздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жеткізіп отыру – жастарымыздың ел ал­дын­дағы, мемлекет алдындағы басты міндеті. Себебі, еліміздің болашағы, тірегі – ол жас­тар» деп айтқан болатын. Жаһандану дәуірінде сол табиғи сабақтастыққа жат ағым өкілдері тарапынан кері әрекеттер орын алып отырғаны шындық. Мың жыл бойы халықтың тұрмысына, болмысына, санасына сіңіп, рухымен тасып кеткен дінді басқаша түсініп, халықты шатастыру жағдайлары да орын алып отыр» деп мәселенің маңыздылығын алға тартты.
«Нидерландыдағы әлеуметтік-діни қарым-қатынастар» тақырыбында баяндама жасаған Радбауд университетінің профессоры Карл Стеркнес дінде еркіндік болуы керегін, осы тұрғыда мемлекет дін істеріне араласып, қада­ға­ла­-мау қажеттігін алға тартты. Еуропадағы діни жағдай мен дінді қаржыландыру, оған салық салу мәселесін сөз еткен ол мемлекет пен шіркеулер арасындағы дұрыс қарым-қатынас шіркеулердің бірегейлігіне, бір бағыт-бағдарда болуына да әсер ететінін баса айтты. Вашингтон университетінің профессоры Чарльз Уеллер Америкадағы діни ахуалды талдап, онда исламның таралу тарихы жайында ойын өрбітті. Дін мен салт-дәстүр туралы сөз қозғағанда тарихи пайымды ұмытпау керектігіне айрықша тоқталып өтті. Н.Эрбакан атындағы Түркия университеті­нің профессоры Ахмет Тағшын Түркиядағы зайырлылық мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанын сөз етіп, діни тұрғыдағы кикілжіңдерді бол­дырмау хақында пікірін білдірді.
Алматы қаласы Дін істері басқармасының жетекшісі Айдар Есенбеков тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы діни жағдайды талдап, қоғамда орын алған жайттарды сөз етті. «2011 жылы Қазақстан дін саласын реттейтін меха­низмдерді енгізді. Бұған дейін реттелмеген мәселелер көп болды. Десе де, реттелуді талап ететін мәселелер әлі де бар. Қазір мемлекет көптеген шара­ларды қолға алды. 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік концепция бекітілді. Сонда дін саласындағы бағыт-бағдарлар, зайырлылық, дін мен дүниедегі арақатынас жөнінде көрсетілген. Концепцияның басты идеясы – зайырлылық принципін нығайту. Зайырлылық – өркениеттің белгісі» деп дәс­-түр мен дінді байланыстырудың маңызын айтты. Жиынды қорытындылаған Мәдениет, ішкі және жастар саясаты, спорт, дін мәселелері жөніндегі комис­сияның төрағасы Құсман Шалабаев діннің қоғамдағы рөліне баса назар аударып, жас ұрпақтың жат ағымдарға кіріп кетпеуін қаперден шығармай, дәстүрлі дінді дәріптеу қажеттігін тілге тиек етті.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Ақпарат көзі: Айқын газеті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *