Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Ұлттық болмыс жат идеологияларға қарсы құралдың негізі

АСТАНА, 8 қаңтар.  Қазақтың игі жақсылары талай зұлмат замандарда «Ынтымақсыз елді – ұрысы, ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген ұстаныммен елді  ынтымақта сақтап, тарих көрсеткендей еліміз белгілі өркениетті мемлекетке айналды. Қазақ тарихында  қаншама  заңдарымыздың басым бөлігі ұлттық бірлік пен елдің бейбітшілігін сақтауға негізделді. Билеушілеріміз жау жағадан алғанда ұлттық сана сезімді ту етіп көтеріп, халықты ауызбіршілікке ұйыстыра білді. Сын сағаттарда қазақтың ұлттық сезімі жауға қалқан болған.

Тарихта жоғалған ұлттардың жолдарын сараласақ, оның басты себебі екінің бірінде рухани байлығы мен  ұлттың мәдениетін сақтай алмағаннан болғанын көреміз. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы даланы жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген болатын.

  Халықты жат идеологиялардан  қорғау мен  іргелі болашағы бар істерге ұмтылдырудың қайнар бастауы, оның рухани күші  ұлттық болмыстан нәр алады. Сондықтан халықтың рухын билер жат идеологияларға ұлттық құндылықты ғана қарсы қоя аламыз. Біз бұдан сыртқы болмыстың ішкі мәнге байланысын ұғамыз. Ал, ішкі мәннің өз негізінен ғана нәр алатын бағамдаймыз. Осы байланысты ретпен үйлестіргенде ғана халық өз жолынан танбайды.

Қазақ ұғымындағы «ұйқыда болу», «сергек болу» деген ұғымдардың тәнге емес жанға ғана байланысты екенін ұқсақ, демек адам жанының бойында құндылықтар алмасқанда жанды билер рух қалыптасатыны анық. Ол рухтың қайдан келуі өте маңызды. Адам санасына енген құндылықтың әсерінен адам санасы не сергек, не ұйқыда болмақ.

Ұлттық болмыс – ұлттың жетістігін, рухани байлығын (құндылықтарын) біріктіріп отыратын, ұрпақтан-ұрпаққа табыстап отыратын рухани қазына. Осыдан келіп, отанын сүю, бағалау  ұғымы санада мығымдала түспек.

        Ұлт болмысындағы даналық, тектілік, елдік, елдікті нығайтудағы ақыл-парасат, батырлық және тағы басқа рухани қасиет үлгілерінің халықпен жеке адам бойында бірігуін «ұлттық рух» дейміз. Қазақ ойшылы Шәкәрім «Рух дегеніміз – таза ақыл» деген. Ұлттық рух халықтың дүниетанымынан, дүниетанымы өмір сүру тәжірибесімен үндескен, ұлт тарихының дәстүріне ілескен ұрпақтың ой өрісінен шығады. Ұлттың, жеке адамның рухани қасиеттерін негіздейтін ұлттық сана, тектілік, даналық адам бойындағы қабілет пен білімді ұштастырған тәрбиенің өнімі, бұл қасиеттер адам бойына ұлттық рух арқылы тұрақтамақ. Ұлттық тәрбие негізінде адам бойына даритын, ел болмысының бойында тұрақтап отыратын рух ұрпақты ұлтымен, мемлекетімен, тарихымен біріктіріп отыратын құндылық, рухани қасиеттердің жиынтығы.

Алаш зиялысы Міржақып Дулатов 1917 жылы «Қазақ» газетінде жазған «Тарихи жыл» атты мақаласында қазақ халқына былай деген екен: «Енді жалғыз ақ келешегімізді ойлау ғана қалды. Өткен жыл бізге ұмытпастай сабақ берді. Сырымызды ашты. Бұл күйде тұра берсек, мұнан кейінгі заманда тағы да осындай оқиғалар болмасына ешкім кепіл емес. Сондай заманға даярланып, тағы да осындай надандықтан бүліншілікке ұшырамас жағымызды ойлап, көрінгенге жем болмасымызға қам қылу қалды. Ендігі істейтін іс – «ізденуші», «құтқарушыларға» мұнан кейін күніміз түспейтін күйге жету үшін былайғы жасты оқыту. Өткен жылдың оқиғасы оқудың керектігін енді еске түсірмесе, қазақ халқы жұрттықтан кеткені. Бұрын «біл, оқы» деген сөздер құрғақ насихат болып желге кетуші еді. Қазақ баласы енді оянбасаң мәңгіге шейін ұйқың ашылмай, қараңғыда құлдықта, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетесің».

Алаш тұлғасы Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, «Бостандыққа апарар жол – ұлттық ынтымақ қана». Яғни, ұлттық ынтымақтың арғы жағында ұлттық сана, ұлттың тарихы мен дәстүрі жатыр. Яғни, ұлттық ынтымақ ұрпақтың ұлттық және азаматтық бірегейлігімен келеді деп санаймыз.

Ұлттық рух жеке адамның ғана емес, ұлттың, мемлекеттің, халықтың, ұрпақтың жетістігімен өлшенетін, сол арқылы көрінетін дүние. Бірлігі мықты, заманының өткінші, құбылмалы нәрселеріне килікпей, одан бойын аулақ ұстайтын, уақыттың талабына ақылы, білімі, мінезі арқылы шыңдала білетін, тәрбиесі, білімі, қабілеті арқылы уақытының талабына икемделген елдің деңгейі ұлттық рухпен өлшенбек.

Ұлттық рух ұлт пен оның тарихы, тарихты жасайтын тұлғалары қалыптасқан уақытта пайда болған. Зиялылардың міндеті осы құндылықты ұрпаққа жеткізу, өз дәуірінде халықтың бойынан шығарып отыру. Бұны тарихта қазақ зиялылары жасаған. Билердің, батырлардың, жыраулардың, ақындардың тағылымы, олардың рухани дүниелерінің мәдени феноменге айналуы осының куәсі. Дәстүрі мен дінін, мәдениеті мен ана тілін, өнері мен білімін рухани өмірде қатар иеленіп, ел игілігіне жарата алған орта ұлттық рухты иеленген қоғам.

Сондықтан қазіргі ұрпаққа жүктелетін үлкен міндет ұлттық рухты бойына сіңіру, келешекке жалғау.

Әр халықтың, әр аймақтың өз ерекшелігі болады. Сол сияқты қазақ зиялыларының да ұлт тарихының мәдени құбылысына айналған өз ерекшелігі бар. Бұл неден көрінеді? Тектілігіміз, халықтың бірлігін жоймаған дәстүріміз, қоғамда рухани тереңдікті сақтап отырған дініміз, ана тіліміз қазақ тұлғаларының қалыптасу ерекшеліктерін негіздейтін ұлттық рухымыздың тұтқасы болып табылады.

Сондықтан қазақта рухы биік ұрпақты тәрбиелеудегі тәжірибесінің көп сыры бар. Оның бірі халықтың басын біріктіретін, ұлттық рухты көтеретін, жастарды өз отанын сүйетін, елге жақын тәрбиелейтін ортақ ұлттық сананың болуы. Осының нәтижесінде тарих сынынан халқымыз сүрінбей өткен. Бүгінгі ұрпақта осыны ескеруіміз қажет.

 Жарас Аханов,

ҚР ҚДМ  Қоғамдық келісім комитет

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының бөлім басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *