Шалкар. 3 наурыз. Шалқар ауданы, Қаулыжыр ауылының Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен «Дәстүрлі дінім – діңгегім» тақырыбында кездесу өтті. Бұл туралы Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің дін істері жөнінде маманы Беркімбаев Алтынбай, «Ансар» АТО-ның Шалқар ауданы бойынша теолог маманы Тобажанов Тоқтар, аудандық терроризмге қарсы комиссияның басшысы Томанбаев Әсет және аудан имамы Такеев Нұрлыбек Панабайұлы қатысып, тақырып аясында ой өрбітті.
Кездесуде бас имам Нұрлыбек Такеев ел аумағында тыйым салынған дәстүрлі емес діни ағымдардың, уағызшылардың уағыз насихаттарын тыңдамауға, оны желі арқылы таратпауға шақырды. Діни мәселелер жөнінде жергілікті мешіттің имамының немесе арнайы діни білімі бар теолог мамандардың көмегіне жүгінуге шақырды.
— Діни экстремизмнің алдын алу деген ұғымға қарапайым түрде түсінік беретін болсақ, бұл – әрбір ата-ананың өз баласының бойына имандылық қасиетін ұялатып, тәрбие беруі, тектілікке үйретуі. Осылайша имандылық бұлағынан нәр алған ұрпақтың руханияты күйзеліске ұшырамайды, сырттан келген кез-келген ақпаратты ішкі «сүзгіден» өткізе алатын болады, — деп ауданның бас имамы Н.Такеев.
Жиын барысында жастарға жат ағымдардан жырақ жүру, адасушылықты ажырата білу үшін сауатты болу керектігі баса айтылды.
Дереккөз: мешіт баспасөз қызметі