Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың басымдықтары

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Арын Берік Сақбайұлының БАҚ өкілдеріне арналған тренингте «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың басымдықтары» тақырыбндағы баяндамасы (Астана, 2017 жылғы 29 маусым).

Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған

қадірлі қауым!

Құрметті БАҚ өкілдері!

Сіздермен бүгінгі іс-шарада бас қосып отырғанымыз үшін қуаныштымын және тренинг жұмысы барлығымызға нәтижелі болсын деп тілек білдіргім келеді.

Осында жиналып отырған қалам иелерін осы күндері кең аталып өткізіліп отырған Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен — кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге денсаулық, амандық және шығармашылық табыстар тілеймін.

Құрметті іс-шара қатысушылары!

Министрліктің алдына қойылып отырған міндеттерді жүзеге асырудағы қызметі қазіргі күнде дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, діни бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатуға және азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге жұмылдырылып отыр.

Қоғамымыздағы конфессияаралық және этносаралық келісімді сақтау, діни бірлестіктермен сындарлы қарым-қатынаста өзара әрекеттесу дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның басты міндеттерінің қатарында тұр.

Қазіргі күнде дін саласындағы ең басты міндет — еліміздің дамуының зайырлы қағидаттарын сақтау және нығайту. Осы ретте, азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтау, адамдардың дінді таңдау немесе одан бас тарту құқығын қамтамасыз ету еліміздің зайырлылық моделінің мызғымас негізі ретінде сақталып қала береді.

Бүгінгі күнде елімізде жүзеге асырылып отырған мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстандағы діни ахуал тұрақтылығын сақтап отыр. Діни бірлестіктер 2011 жылы қабылданған қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның аясында қызмет етеді. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында және конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар оңды сипатта дамуда.

Қазақстанда азаматтар арасында діни негіздегі қандай да бір қақтығыстар жоқ. Азаматтардың басым бөлігі еліміздегі діни ахуалды оң бағалайды және дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайды.

Елімізде 18 конфессияның мүддесін білдіретін 3658 діни субъектілер қызмет атқарып отыр. Қазақстанның конфессиялық көптүрлілігін ислам, православие, католицизм, иудаизм, буддизм, протестанттық конфессиялар мен жаңа діни қозғалыстар құрайды.

Еліміздегі барлық діни бірлестіктер тең құқықты және діни сеніміне қарамастан бірдей міндеттерге ие. Бір мезгілде діни бірлестіктерге құқық бұзушылықтары үшін заңмен бекітілген негіздер мен тәртіпте бірдей жауапкершілік жүктелетіндігін айта кеткім келеді.

Осы бағыттағы ойымды тұжырымдап айтар болсам, Қазақстан бүгінгі күнде ел дамуы мен гүлденуінің берік тұғырын құрап отырған конфессияаралық және этносаралық келісімнің өзіндік моделін құра алды.

Құрметті тренинг қатысушылары!

Қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінде діни экстремизм мен терроризм қаупі сақталып отыр.

Бұл мемлекет тарапынан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің замана талабына сай пәрменді шаралары мен тетіктерін қабылдауды талап ететіні сөзсіз.

Осы ретте, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауының үшінші басымдығы шеңберінде дін саласындағы мәселелердің қозғалуы кездейсоқ емес. Бұл әлемдегі және біздің елімізде бой көрсетіп отырған радикалдық діни ағымдардың теріс идеяларының таралуынан туындап отыр. .

Мемлекеттік органдар тарапынан соған сәйкес шаралар қабылдауына бірқатар үдерістер итермелеп отыр.

Біріншіденжекелеген азаматтардың діндарлық деңгейінің күрт өсуін деструктивті діни ағымдар олардың көзқарастарын радикалдандыру үшін белсенді түрде пайдалануда.

Радикалдардың құрығына жалған діни идеалдарға соқыр сеніммен еретін адамдардың түседі.

Екіншіден, діндарлардың радикалдануына түрткі болып отырған деструктивті діни ағымдардың таралуы байқалуда.

Қазақстан үшін жат діни идеологияның таралуы еліміздегі мұсылмандар қауымдастығының жіктелуіне, өздерін мемлекетке, қоғамға және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарсы қоятын адамдар қатарының қалыптасуына алып келеді.

Жекелеген исламдық қауымдарда діндарлардың бөгде дүниетанымдық көзқарастары қалыптасып, радикалдануы жүруде.

Осы ретте, радикалдық идеялардың таралуының негізгі себептері ретінде халықаралық террористік ұйымдар мен олардың идеологтарының жандануынан көрініс тауып отырған халықаралық факторды айта кету керек.

Әрине, бұл мәселеде азаматтардың белгілі бір топтарының құқықтық және діни сауаттылықтарының төмендігінен пайда болатын өзіндік радикалдану факторын теріске шығаруға болмайды.

Шетелдік уағызшылардың белсенділігі Интернет-ресурстар арқылы да жүруде. Бұл да діндарлардың радикалдануына айтарлықтай әсер ететін факторға айналып отыр.

Өкінішке орай, Қазақстан аумағында оларға шектеу қою бойынша мемлекеттік органдар тарапынан іске асырылып отырған іс-шаралар айтарлықтай нәтиже бермей отыр, өйткені ғаламтор желісіндегі шектеулерді сырт айналып өту құралдары көп.

Үшіншіден, еліміз азаматтарының шетелдік діни оқу орындарында білім алу кезінде идеологиялық құрыққа түсу қаупі жоғары.

Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, білім алудың қолжетімділігіне байланысты қазақстандықтардың күмәнді шетелдік теологиялық оқу орындарына өз беттерімен оқуға кетуі әлі де жалғасын табуда.

Жоғарыда айтып отырған проблемалық мәселелер әртүрлі деструктивті идеологияларға, оның ішінде діни экстремизмге қарсы тұра алатын иммунитеті ретіндегі еліміз азаматтарының ұлттық санасы мен азаматтық бірегейлігін нығайту бойынша шараларды нақтылаудың өте маңызды екенін білдіреді.

Осы орайда мемлекеттік саясатты қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарына негізделген зайырлы қағидаттардың үстемдігін қамтамасыз ету бағытында күшейткен жөн.

Сондықтан, дін саласындағы уәкілетті орган қабылданып отырған шаралармен қатар радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға және діни алауыздықты өршітуге жол бермеу мақсатында тіркелмеген діни топтармен және қауымдармен түсіндіру жұмысын күшейтуді жоспарлап отыр.

Министрлік сонымен қатар радикалдық көңіл-күйдегі азаматтарға және интернеттегі идеологиялық ізденісте отырған пайдаланушыларға профилактикалық, сенімдерін өзгерту және дерадикалдандыру әсер ететін интернет-ресурстарға қызығушылықтарын арттыру бойынша шаралар қабылдайтын болады.

Радикалды діни ағымдардың идеяларына қарсы тұруда және деструктивті діни ағымдардың қоластына түскен діндарларды оңалтуда Министрлік діни бірлестіктерді, ҚМДБ теологтары мен имамдарын, ғылыми-сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам институттары өкілдерін жұмылдыру арқылы радикалдық идеяларға тосқауыл қою бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады.

Құрметті тренинг қатысушылары!

Дін саласындағы тұрақтылық еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды орынға ие. Осы ретте, еліміздің алдағы уақыттағы даму векторы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың қалай жүзеге асырылатынынан тікелей тәуелді дер едім.

Министрлік қоғамның зайырлы қағидаттарын сақтау және ілгерілету, дін саласындағы жаңа басымдықтарды анықтау, мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру, экстремизмнің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Ол таяуда Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілді. Тұжырымдаманы әзірлеудің өзектілігі мемлекеттік құрылыстың зайырлылығын нығайтуға, дін саласындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған мемлекеттік-конфессиялық саясаттың басты векторларын айқындаумен негізделді.

Тұжырымдамада дін саласында тұрған өзекті тенденцияларды, қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді ескеруге тырыстық.

Бекітілген Тұжырымдама дін саласының дамуының жалпы векторын 2020 жылға дейін анықтайтынына сенімдімін.

Министрлік қазіргі уақытта Тұжырымдаманы жүзеге асыру шеңберінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындауда.

Осы ретте, заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар жұртшылықтың ұсыныстары негізінде қалыптасып жатқанын айта кету керек. Олардың қатарында жастардың шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алуын реттеу, кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартуды болдырмау, неке туралы куәліксіз мешіттерде діни неке қию рәсіміне тосқауыл қою, жасөспірімдерге діни әдебиеттерді сатуға (таратуға) тыйым салу, миссионерлік қызметті реттеуді жетілдіру және басқа да дін саласына қатысты көптеген мәселелер бар.

Біз қоғам тарапынан түсіп отырған ұсыныстарды мұқият зерделеудеміз. Егер осы ұсыныстар дін саласын реттеуге пайдасын тигізетін болса, олардың белгілі бір заңнамалық нормаларда көрініс табатыны сөзсіз.

Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, Сіздерді, «төртінші билік» өкілдерін, заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды кеңінен және сындарлы түрде талқылай отырып, Министрліктің заң жобасын қолдауға шақырамын.

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Егер ақпараттық жұмыс мақсаттарына жүгінсек, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен БАҚ өкілдерінің мүддесі жұртшылыққа Қазақстан Республикасындағы діни ахуал туралы сапалы әрі дәйекті ақпарат беруде, деструктивті және экстремистік жалған діни идеялардың таралуына қарсы тұруда, сонымен қатар жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты тұрғындарға шынайы жеткізуде тоқайласады.

Сондықтан ақпараттық жұмыста ортақ идеологияның болуы маңызды. Осыған орай, отандық БАҚ-тардан зайырлы мемлекет, жоғары руханилылық, конфессияаралық келісім, ұлттық дәстүрлерді насихаттау және тұрғындар арасында радикалды діни ағымдардың деструктивті идеяларына қарсы иммунитет қалыптастыру сияқты негізгі идеологиялық басымдықтарды ашып көрсету және ілгерілету арқылы дін тақырыбын кәсіби тұрғыдан жетік көрсетуге шақырамыз.

Біз осы құндылықтарды азаматтардың санасына берік орнату үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз керек.

Бір мезгілде, ақпараттық өрісті діни тақырыппен толтырмауды да ойлау қажет. Соңғы уақытта жекелеген дискуссиялық және басқа алаңдарда діни тақырыпты талқылау жиілеп кетті. Дін саласындағы мәселелер қызықты десек те, бұл салаға қатысты мәселелер бойынша еркін пікір алмасудың мұндай форматы әртүрлі көзқарастар мен ұстанымдардың туындауына алып келеді.

Дін сияқты нәзік мәселеде журналистік әдепті сақтауды аса маңызды деп санаймыз. Діни сиапттағы мәселелерге қалам тербемес бұрын діни бірлестіктермен кеңескен жөн. Бұл жұмысқа сауатты теологтар мен дінтанушыларды да кеңінен тартқан абзал.

Біз дін саласындағы уәкілетті орган ретінде сіздерге ақпараттр мен сарапшылық пікірлерді беруге дайынбыз.

Тренингке қатысып отырған қадірлі қауым!

Бүгін біздің еліміздің және оның әрбір азаматының алдында қоғамымыздағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және оны ары қарай нығайта беру міндеті тұр. Біз осы құндылықтарды қамтамасыз ете отырып ғана еліміздің жан-жақты дамуының берік іргатасын құра аламыз.

Бүгінгі іс-шара табысты өтеді деп сенемін.

Назар салып, тыңдағандарыңызға рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *