Астана. 26 наурыз. 2018 жылғы 26 наурыздан бері Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров бастаған қазақстандық делегация Біріккен Араб Әмірліктерінде ресми іссапарда жүр. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Қайрат Қожамжаров БАӘ Федералдық Прокуроры мырза Аль-Шамсимен кездескен.
Әріптестер құқықтық ынтымақтастықты нығайту және шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелерін талқылады.
«Жасалған құқықтық көмек туралы келісімдер шеңберінде біздің мемлекеттер арасында тиімді ынтымақтастық күшейтілді. Бүгінгі кездесуіміз қылмыскерлерді экстрадициялау және ұрланған қаражатты қайтару сұрақтары бойынша екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін береді»,-деді Қайрат Қожамжаров сөзінде.
Қазақстанға соңғы 3 жылда БАӘ-ден іздеуде жүрген 10 адам экстрадицияланды.
Сонымен қатар, ткездесу барысында терроризм және экстремизм, трансұлттық қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Біріккен Араб Әмірліктері осы мәселелер бойынша Қазақстан үшін белсенді серіктес болып табылады. 2013-2017 жылдар аралығында бірлескен шаралар қабылдаудың арқасында БАӘ территориясында Қазақстан азаматтарынан тұратын бір топ ДАИШ (ИГИЛ) эмиссарлары және көмекшілері әшкереленді.
Кездесу соңында қазақстандық делегация мүшелері шетелдік әріптестеріне алғыс білдіріп, құқықтық салада өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту қажеттігін айтты.