Астана. 28 наурыз. Заң жобасы ел тыныштығы үшін жасалды. Осы уақытқа дейін «Діни бірлестіктер мен діни қызмет туралы» заңға енгізілетін бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жайында Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев осы тақырып төңірегінде сөйлескен едік.
– Қазір қоғамда «Діни бірлестіктер мен діни қызмет туралы заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі» заң жобасы қызу талқылануда. Осы заң жобасын қарастыру барысының өзінде еліміздегі біраз діни ахуалдың мән-жайын біліп қалғандаймыз. Жалпы, бұл өзгерістерден не күтеміз? Расында өзгерістер бола ма және неге мұндай өзгерістер дәл бүгін қажет болды?
– Біріншіден, мына нәрсеге назар аударсақ, жалпы уақыт бір орында қатып қалған константа шама емес. Заман өзгеру үстінде, ғылым мен техниканың дамуы күннен күнге бұл үдерісті өте қарқынды жүргізуде. Біз ақпараттық технология мен ғаламдық саяси-философиялық құндылықты категориялардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Уақыттың талабына сай біз де жас мемлекет ретінде сол өзгерістер мен үдерістерге уақытылы жауап қатып, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қоюымыз заңды. Ол үшін құқықтық құндылықтарымызды, бағыт-бағдарымызды қайта қарап, саяси сағатымызды түзеп отырамыз. Бұл заңдарымызды қайта бағамдап, өзгертіп, түзеп отыру дегенді білдіреді.
Мысалы, бүгінде қолданып жүрген «Діни бірлестіктер мен діни қызмет туралы» заңымыз 2011 жылы сол кездерде пайда болған мәселелерді шешу үшін жаңартылған болатын. Біз зайырлы құқықтық-демократиялық ел ретінде кезінде барлық діни идеялар мен конфессияларға есіктерімізді айқара аштық. Бірақ осылай еркіндік бере отыра біраз мәселелерге тап болдық. Ол теріс діни идеологиялардың таралуы, заңсыз діни миссионерлікпен айналысу, дін жамылған шетелдік қаржы мен лаңкестік құрылымдардың ел ішінде кеңінен таратылуы еді. 2011 жылғы қабылданған заң аясында елімізде бар 4500-ден астам діни ұйымның 3088-і қайта тіркеуден өтті деген ақпаратты тіркеу жүргізетін органдардың мәліметі бар. Дәл осы сәттен бастап мемлекетіміздегі діни ахуалдың динамикалық кейіп-келбетін көре алатындай жағдай туды, яғни нақты статистикалық мәліметтер мен ресми ақпараттар пайда болды. Қандай мәселелердің бар екені көзге көріне бастады, ал оған арнайы салалық ведомстволар мен құрылымдардың жұмысы арқылы кешенді іс-қимылдар ұйымдастырылды.
Алайда жоғарыда айтқанымдай, заман мен оның талаптары мен қажеттіліктері бір орында тұрмайды. Бүгінде дінді саяси ойынға айналдырып, террористік және экстремистік құрал ретінде пайдаланып, тұрақсыздық пен лаңның отын көсеп отырған топтар баршылық. Оған куә – соңғы он жылдықта әлемде болып жатқан, дін атымен адам өмірін қиған әртүрлі оқиғалар. Мәселен, Сириядағы соғыстың зардабы бізге де келіп тиіп жатты, қаншама қандасымыз дін үшін соғысамыз деп шатысып, бала-шағасымен «жалған жиһадқа» аттанып кетті. Күні кеше болған Ақтөбе мен Тараз, Алматыдағы оқиғаларды еске алыңыз. Ал дәл қазір сол Сирияның жерінде террористердің қатарында, құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, 500-ден астам жерлесіміз жүр деген ақпарат тарады.
Сол мәліметтер бойынша, 2014 жылы экстремизм мен терроризм баптары қылмыскер атанғандардың саны 154 адам болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 554 адамға жеткен, ал қозғалған қылмыстық істердің саны 1000-нан асады. Бұл – 18 миллион тұрғыны бар кішкентай Қазақстан үшін өте үлкен статистика. Арнайы қызмет өкілдері қаншама террористік актілердің алдын алып жатыр. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын сол Сириядан елімізге оралған азамат Атырау қаласында жасырынып жүріп бомба құрастырмақшы болған. Бір апта бойы әртүрлі дәріханалардан керекті химиялық элементтерді сатып алып жүріп ұсталды. Біздің мемлекетімізді «кәпірлер» басқарып отыр, заңдарымыз шариғат үкімдеріне негізделмеген деп, мемлекеттік маңызы бар нысандар мен құқыққорғау органдарына қаншама террорлық шабуылдар ұйымдастырмақшы болған. Міне, осындай жайттарды ескеретін болсақ, бұл заң жобасы – дер кезінде ойластырылған дүние.
Діни терроризм мен экстремизмнің территориясы жоқ, бүгінде бұл
мәселе – әлемдік қауымдастықтың қауіпсіздік тұрғысынан алғанда күн тәртібінде тұрған бірден-бір тақырып.
– Осы заң жобасында сіз айтып отырған экстремизм мен терроризмнің алдын алатын немесе оның белгілеріне қарсы құрал бола алатын қандай өзгерістер бар?
– Мәселен, өзгерістер енгелі отырған басқа заңдар мен құқықтық нормаларды алмағанда, 2011 жылғы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңды қарайтын болсақ, бұрын ескерілмеген, мүмкін құқықтық қажеттілік болмағандықтан, заңда қарастырылмаған «діни радикализм», «деструктивті діни ағым» секілді терминдерге алғаш анықтама беріліп, заңға енгелі отыр. Деструктивті діни ағымның немесе идеяның тасымалдаушысы болып табылатын азаматтарға деструктивтілік белгілерін насихаттауға және қоғамдық орындарда оларды көпшілікке жария етуге тыйым салынбақшы.
– Діни деструктивті ағымның не екенін немесе заң бойынша қандай болатындығын атап өтсеңіз. Сосын ертең орта есептегі қарапайым қазақстандық мұсылманның деструктивті атрибуттары пайда болып жүрмей ме ертең?
– Деструктивті діни ағым деп, адамзат пен адамның еркіндігі мен құқықтарына қауіп төндіретін, халық дәстүріне және діни сенімдеріне, рухани және мәдени құндылықтарымызға, адамгершiлік негiздерді бұзуға, әлсіретуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын, діни идеологияны уағыздайтын діни ағымды айтамыз.
Жалпы, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында да осы тақырып айқын көрініс тапқан. Яғни, діни деструктивті ағымдар мен идеологиялардың алдын алу және оның белгілерімен тиімді күресу. Мысалы, 2017 жылдың басынан республика бойынша 465 деструктивті діни ағымның тасымалдаушы қылмыс жасағаны және аталған категорияның
5 534 тұлғасы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны анықталды. Осылайша, тек осы жылы деструктивті діни ағымдардың 25 пайыздан көбі (жалпы саны – 23 547) қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық іс-әрекеттерін жасаған деген ақпарат бар.
Ал енді заң аясына осы «діни деструктивті идея мен ағым» деген категорияны енгізу біраз азаматтық және қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан да өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Себебі, құқықтық процессуалдық мәселелерді құқықтық мән-мағына берілген баптар ғана шеше алады.
Қарапайым ислам дінін ұстанушы азаматтарға келетін болсақ, бұл норма оларға ешқандай да кері әсерін бермейді. Себебі, заңда ешқандай сақал немесе қысқа балақ туралы аталмаған. Деструктивті атрибуттарды осы заңға негізделген, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып дайындалатын нормативтік актілер реттейтін болады. Сондықтан дау тудырып, бас жарудың қажеті жоқ. Өзгертулер мен толықтырулар – барлығымыздың қауіпсіздігіміз бен ел тыныштығы үшін жасалып жатқан іс-шара.
– Тағы бір мәселе – хиджаб, пәренже мен ниқаб тақырыбы. Соңғы кездері еліміздің түкпір-түкпірінде балаларының діни киімдерін шешпей мектепке жібермей жатқан ата-аналар көп. «Қашықтықтан үйде оқытамыз» деген олар әртүрлі қарсылық акциясын да ұйымдастыруда. Жалпы, ел тарихында болмаған оқиғалар орын алуда, заң жобасында бұл мәселе қалай қарастырылған?
– Заң жобасында тек қана әйел адамның сыртқы бет-бейнесін анықтауға кедергі келтіретін және қоғамдық орындарда деструктивті діни ағымның атрибутикалары болып табылатын діни киім үлгілеріне ғана тыйым салынған. Бұл категорияға бет-әлпетті бүркеп тұратын пәренже мен ниқаб жатады. Ал заң жобасында хиджаб жөнінде мүлде айтылмаған.
Сіз айтып отырған мектептердегі жайттар «Білім туралы» заңға сәйкес дайындалған «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша шыққан нормадан туып отыр. Онда бірыңғай мектеп формасы турасында айтылған және белгілі бір діннің атрибутикасы болып табылатын киім үлгілеріне орта білім беру мекемелерінде тыйым салынған. Яғни, аталған оқиғалардың бұл заң жобасына қатысы жоқ.
Дегенмен, осындай мәселелердің туындап жатқаны еліміздегі діни тақырыптың өте өзекті болып отырғандығын көрсетеді. Мәселені тек қана бір қырынан көріп, біржақты түсінуге болмайды. Бет-әлпетті не үшін анықтау керек десеңіз, Еуропада, сондай-ақ Ливан, Ирак және Сирияда да қара жамылып, бүркенген киімдердің ішіне террористер мен лаңкестер жасырынып талай жарылыстар жасамақшы болған. Сондықтан ертеңгі күніміз тыныш және бейбіт болғанын қалайтын болсақ, оның іргетасын бүгін қалауымыз керек.
Жұмыс тобы осы қаралып жатқан заң жобасын жан-жақты талқылап, бір пікірге келіп, қоғамға, халыққа керек заңды қабылдайды деген үміттемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мира АЙМАХАН
Ақпарат көзі: Aiqyn