Астана. 30 наурыз. Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына биыл 27 жыл. Ширек ғасырдан астам уақытта мемлекет Орталық Азияның көшбасшысына айналды. Жаһанға бейбітшілік пен қауіпсіздік бағытында бастамалар ұсынып, өз беделін қалыптастырды.
Ал 2018 жылда еліміз үшін жемісті басталды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Төрағалық, Елбасының АҚШ-қа сапары, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі және келіссөздер алаңына айналған Астана процесі сөзіміздің айқын дәлелі. Бүгінде Қазақстанның әлемдік нарықтағы ролін беделді сарапшылар да жоғары бағалап отыр.
Қазақстан Республикасы өзінің экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылығының арқасында Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды.
Бұл туралы Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп та Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйге ресми сапары барысында айтқан болатын. Мұндай қошеметтің өзіндік мәні бар. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап аймақтық қауіпсіздікке қатысты бірқатар мәселелерге жауапты мемлекет ретінде өзін таныта білді. Бұл дегеніміз есірткінің заңсыз айналымы, діни экстремизм, терроризм және заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізу. Сондай-ақ, аймақтың көшбасшысы ретінде Қазақстан Еуропалық Одақ елдерімен бірге Орталық Азия үшін Одақтың жаңа стратегиясын құруда қарқынды жұмыс жасап жатыр.
Петер Буриан, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:
— Еуроодақпен қарым-қатынастар тұрғысында серіктестеріміздің бүкіл ұлттық ерекшеліктері мен мақсаттарын белгілеу қажет. Сондықтан біз ауа-райының өзгеруі мен мемлекетаралық байланыстарды дамыту секілді мәселелерді шешу жолындағы аймақтық ынтымақтастықтығымызды жалғастырып ж атырмыз. Қазақстан тарапы Стратегияға жаңа технологияларды дамыту, цифрландыру және энерготиімділікті қосуды ұсынып отыр. Мұның бәрін құжатқа енгізіп, экономикалық ынтымақтастығымызды қолдау және аймаққа инвестиция арттыру үшін қажетті тетіктер мен қаржылық құралдарды табу керек.
Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты елдің негізгі ұстанымымен тығыз байланысты. Ол әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту және елдермен экономикалық ынтымақтастықты арттыру. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның қаңтар айындағы төрағалығы осы бастамаларды әлемдік деңгейде шығаруға мүмкіндік берді. Бір айдың ішінде маңызды шаралар ұйымдастырылды. Кабулға БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің 15 мүшесімен бұрын соңды болмаған іс сапар жасалды.
Елбасының қатысуымен брифинг және ашық пікірталас өтті. Қазақстанның бейбітшілік әлеуеті сирияаралық келіссөздерге Астанадан алаң ұсынудан да көрініс тапты.
Георги Готев, «EurАctiv» еуропалық интернет басылымының редакторы:
— Соңғы айлардың ішінде Қазақстан жетекшілігінің арқасында Орталық Азия аймағының ынтымақтастығы артты. Елдеріңіз БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Жаһан қауіпсіздігіне қатысты күрмеуі қиын бірталай мәселені шешуге оң ықпал етті. Оны Еуроодақ жоғары бағалайды. Бір ғана Ауғанстан емес, Сириядағы ахуалды реттеу үшін Астана келіссөз алаңын ұсынды. Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңді шешуге арағайындық жасады. Сондай-ақ ядролық қарудан бас тарту және жаппай қырып-жою қаруынан бос қауіпсіз аймақтар құру бастамаларын ұсынған болатын.
Жалпы Орталық Азиядағы көшбасшы ел атануына Қазақстанның ішкі саясаты, экономикасы, әлеуметтік жағдайының тұрақты болуы түрткі болды. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын халқына Жолдауының мәні мен маңызы зор . Биылғы «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын және қосыңыз. Ол халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған бірегей жоба. Оған қәзірдің өзінде шет елдік сарапшылар да жоғары баға беріп отыр.
Марсель де Море, Нидерландтағы Қазақстанның құрметті консулының көмекшісі:
— Шағын несие тұрғындарға кіші және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер де өзіне қажетті құрылғыларын алып, өз ісін ілгері бастыра алады. Тағы бір маңызды мәселе — жастарға жоғары білімді қолжетімді ету. Яғни барлығына бірдей мүмкіндік беріледі деген сөз. Сондай-ақ газдандыру жайы. Көгілдір отынның болуы адам өмірін жеңілдете түсері анық.
Тағы да бір маңызды әрі тарихи оқиға ол Орталық Азия елдері басшыларының басқосуы. Шарапаты мол шара ағымдағы жылдың 15 наурызында Астана қаласында ұйымдастырылды. Тараптар инудстрияландыру, цифрландыру және инновацияны дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап, мәдени гуманитарлық әріптестікті жандандыру керектін сөз етті. Бұл орайда тамыры терең қазақ халқының бауырмал екендігіне жаһан жұрты куә болды. Аталмыш жетістіктер 2018 жылдың алғашқы үш айының нәтижесі.
Ақпарат көзі: Хабар 24