Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Тұңғыш

Астана. 1 сәуір. Қазақ үшін «тұңғыш» сөзінің мәні ерекше. Ол отбасының дүние есігін алғашқы болып ашқан перзентке ғана емес, түреннен тың жол салған ерен еңбек иелеріне де берілетін атау, қолданылатын ұғым.

Әр саланың тұңғышы болады. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүретінін» көргенділікпен тұжырымдаған дана халқымыз ескерткендей, саланың кейінгі даму дәстүрі сол тұңғыштың салып кеткен сара жолымен тікелей байланысты болмақ.

Он бір жылдық асудан асып, ел көлемінде кеңінен танылған біздің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» аталатын республикалық мемлекеттік мекеменің де болашақ бағдарын белгілеп берген өз тұңғышы бар. Ол – бүгінде жетпіс жылдық жемісті асуды артта қалдырып, аға буынның алдыңғы сапынан ойып орын алған Әбдіжаппар аға Әбдіәкімұлы.

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қаңтардағы № 72 қаулысына сәйкес құрылған. Өз қызметін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Дін істері комитетінің құрамында бастаған осы орталықтың іргетасын қалыптастырып қана қоймай, нықтап бекіту Әбдіжаппар ағаның үлесіне тиген үлкен істердің бірі болды.

Дінтану саласы білім жүйесінде толық жолға қойылып үлгермеген, ғылыми жағынан тіпті кенжелеп тұрған сол кезеңдерде бұл орталықты ұйымдастырып, аяғынан тік тұрғызудың қаншалықты күрделі де күрмеулі іс болғанын пайымдау қиын емес. 2007 жылдың 19 ақпанынан бастап осы орталықтың тізгінін ұстаған Әбдіжаппар ағаның алдында дін саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып қана қоймай, осы бағыттағы уәкілетті органның қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіп, әдістемелік-тәжірибелік тұрғыдан толығымен қамтамасыз етуге қабілетті озық ұжым қалыптастыру міндеті тұрды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен түйірлеп жиған мамандарды жаңа салаға бағдарлау, сол кезеңде тың тақырып ретінде көтеріле бастаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастар мәселесін зерттеп-зерделеу, діни қатынастардың мән-маңызын талдап-түсіндіру, оны заңнамалық реттеу тетіктерін жетілдіруге атсалысу – орталық көтерген салмақты жүктің бір бөлігі болды. Әбдіжаппар аға басқарған екі жыл ішінде орталық ұжымы бірқатар монографиялар мен бірнеше ондаған зерттеу мақалаларын жарыққа шығарды, дін саласындағы түсіндіру жұмыстарына елеулі үлес қосып, ақпараттық кеңістікті мазмұнды материалдармен байытты.

Осынау сындарлы кезеңде дін саласында маңызды орны бар орталықты Әбдіжаппар аға сынды ішкі саясат саласындағы тәжірибелі идеологтың, әлемдік тарихқа қатысты терең зерттеулерін заманауи саяси ахуалмен ұштастыра білген зерделі ғалымның басқаруы қаншалықты орынды болғанын бағамдау қиын емес.

Тарих ғылымдарының кандидаты, 30 кітаптың, 40 ғылыми және 200-ден астам публицистикалық мақаланың авторы, еліміздегі бірнеше жетекші оқу орнының құрметті профессоры Әбдіжаппар Әбдіәкімұлы бұдан кейінгі еңбек жолында да мемлекет үшін маңызды салалардың басы-қасында болды.

2014 жылдың қыркүйек айынан бастап осы орталықты басқару маған нәсіп болды. Дін саласының ел өміріндегі мән-маңызы барынша күшейген тұсқа тап келген біздің басқару кезеңіміз орталық қызметкерлері үшін де ең өнімді, қызу белсенділікке толы еңбек жылдары болды.

Сандарды сөйлетсек, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы ұжымы бүгінге дейін 117 ғылыми-әдістемелік және ақпараттық-талдамалық материалды жарыққа шығарып, 8151 діни әдебиетке дінтану сараптамасын жүргізді. 1009 іс-шарада дәрістер оқып, 1310 мақала-сұхбат әзірледі. Қазақстандағы діни ахуалдың жай-күйі, діни бірлестіктер мен миссионерлердің қызметі, дінтану білімі мен ғылымының даму үрдістері мен өзекті мәселелері, ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін жетілдіру шаралары, тұрғын халықтың әрбір мақсатты тобына бағдарланған дербес әдістемелік құралдар мен ақпараттық материалдар әзірлеу жұмыстары орталықтың негізгі бағыттары ретінде жүйелі негізде қалыптасты. Орталық қызметкерлері жыл сайын 40-тан астам іссапарларға барып, 5 млн.нан астам халық алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Орталық ұжымы әзірлеген басылымдар барлық өңірлердегі облыстық Дін істері басқармалары арқылы миллиондаған данамен көбейтіліп басылып, бүгінде ел аумағындағы дінтанулық мағлұматтардың шамамен 70 пайызын құрайтын дәрежеге жетті.

Өткен 2017 жылдың 1 ақпанында біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы өзінің он жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойдың қадірлі қонақтарының бірі орталықтың тұңғыш басшысы Әбдіжаппар Әбдіәкімұлы болды. Ағамыз өзі басшылық еткен кезеңдегі қилы-қилы қызықтар мен қиындықтарды қайта еске алып, бүгінгі он жылдық белестен асқан абыройлы ұжыммен бөлісті. Орталық қызметіне толағай табыс, іргелі ізденіс тілеп, ағалық ақ пейілін паш еткен Әбдіжаппар Әбдіәкімұлымен ұжым мүшелері қимай қоштасқан-ды.

Арада жыл өте ағамыздың өз мерейтойы да есік қағып үлгеріпті. Биік белестерде жүрсе де қарапайымдылық қасиетінен танбаған Әбдіжаппар аға жетпістің шыңына да сол парасатты, бекзат болмысымен көтерілді. Ел үшін еткен еңбектің өзге қарымтасын былай қойғанда, өзі негізін қалаған ұжымның бүгінде қазақ дінтануының қара шаңырағына айнала бастағаны да аға үшін аз мерей болмаса керек.

Ал біздің орталық үшін орны бөлек тұңғыштың салған түрені өнеге тұтар үрдістің бастауына айналды. Алдыңғы буын ағалардың тәлімі бізден кейінгі кішілерге дейін жалғасып жатқаны – соның айшықты айғағы.

Еңбегін еліне арнап, «не аламын?» емес, «не беремін?» деген сауалды өміріне өзек еткен әз-ағамызды жетпістің шыңына шыққан кемел шағымен құттықтай отырып, айтары азаймасын, берері таусылмасын, еңселі елімен бірге еңсерер белестері биік болсын деп тілейміз.

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры

Ақпарат көзі: Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *