Астана. 3 сәуір. Қазақстандықтар үшін осы жылдың соңына дейін атқарылуы тиіс маңызды істің бірі – ұялы телефондарды тіркеуден өткізу. Бұл талап заңмен бекітіліп, қазіргі күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мұрындық болуымен тіркеудің егжей-тегжейлі тәртібі мен механизмін әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен 2018 жылдың соңына дейін Қазақстанның аумағындағы ұялы байланыс желілерімен жұмыс істейтін барлық құрылғы тіркелуі қажет.
Телефонның IMEI-кодын тіркеуден өткізу – өткен жылдан бері елімізде қызу талқыланған мәселелердің бірі. Бұл бастама терроризм және экстремизммен күресті күшейту, сонымен қатар телефон ұрлығының алдын алу үшін қолға алынып отырғанын айтады құзырлы органдар. Жеке және заңды тұлғалардың ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу міндеті 2016 жылы еліміздің «Байланыс туралы» заңына экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейтуге бағытталған түзетулер пакетінің аясында енгізілген болатын. Бұл норманы Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК бірлесе отырып әзірлеген-ді.
Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, діттеген іс-шараны жүзеге асыруға бұл өзгертулер жеткіліксіз болды. Өйткені IMEI-кодтары бірдей бірнеше құрылғының кездесуі немесе біреудің қолындағы телефон IMEI-кодының басқа адамға тіркелуі ұялы телефонның нақты иесін анықтауда қиындық туғызды.
Мамандар осы жайттарды зерделей келе, жоғарыдағы талаптар іс жүзінде толық жұмыс істеуі үшін құрылғының IMEI кодын қолданушының ЖСН-ы (БСН) мен абоненттік нөміріне байланыстыру қажеттігін алға тартты. Осыған байланысты 2017 жылғы 28 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының ақпарат және байланыс мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен «Байланыс туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта тіркеудің нақты талабы мен тәртібі әзірлену үстінде. Сонымен қатар «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» мемлекеттік кәсіпорнында деректерді сәйкестендіру кодының базасын құру, сондай-ақ оның жұмыс істеуіне қажетті техникалық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осылайша нормативті-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізіліп, ұялы байланыс операторларының барлық техникалық дайындық жұмыстары тәмамдалғаннан кейін ұялы байланыс қызметін қолданушылардың барлығы өз телефондарын 2018 жылдың соңына дейін тіркеуге міндетті.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, азаматтарға оңтайлы болуы үшін тіркеу процедураларын барынша жеңілдетуге күш салынуда. Соның ішінде онлайн тіркеу де қарастырылып жатыр. Айта кету керек, тіркеу тегін атқарылады.
Телефонын тіркеуден өткізу үшін абоненттер мынандай ақпараттарды берсе жеткілікті:
— қолданыстағы телефондардың IMEI кодтары;
— жеке куәлігі немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі;
— осы телефонда қолданылатын абоненттік нөмірлердің толық тізімі.
Тіркелгеннен кейін барлық жиналған деректер ұялы байланыс желісінің абоненттік бөлімшелерінің бірыңғай дерекқорында сақталады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған іс-шараны жүзеге асыру үшін бір жыл уақыт беріліп отыр.
«Өндіруші белгілеген идентификациялық коды бар және Қазақстан Республикасының аумағында ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін ұялы байланыс абонентінің барлық құрылғылары тіркелуге тиісті. Ал 2019 жылдан бастап тіркелмеген абоненттердің ұялы телефондарына қызмет көрсетілмейді», деп хабарлайды Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кететін мәселе, нарықта бірдей IMEI кодтары бар ұялы байланыс құрылғылары да кездеседі. Министрліктің хабарлауынша, егер сіз ұстап жүрген телефонның IMEI коды басқа абонент атына тіркелгені анықталса немесе абоненттік нөміріңіз басқа адамға тіркелген болса оператор ол ұялы құрылғыны тіркемейді.
Сонымен қатар министрлік қоғамды ақпараттандыру мақсатында ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, тіркеу рәсімдерін көпшілікке жеткізуді, бұған қоса тіркеуді неғұрлым жеңілдету бойынша іс-шараларды атқаруда.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»