Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Дінтанушы: «Әйелдердің нәзіктігі жоғалмасын!»

НҰР-СҰЛТАН, 06 қазан. Өрттің тұтануына бір тал шырпы жеткілікті. Қарап отырсақ, қоғам ішінде өсек өрттей қаулап тұр. Істің байыбына жеткен де бар, жетпеген де бар. Ең сорақысы, көрмей қаралау. Осының бәрін ой таразысынан өткіздім. Әсіресе соңғы уақытта Сириядан келген әйелдерге қатысты пікірлер санаңды сан-саққа жүгіртеді. Осы тұста да біз кінәлауды бірінші орынға қойдық, Осы тақырыпты Kazislam сайтында дінтанушы Тұрар Түгелұлы өз мақаласында баяндады.   

 

Қазақтың «Адасқанның алды жол, арты соқпақ» деген сөзін ұмытып шыға келдік. Жарайды, қателескен екен, енді елге оралып адам болмаққа ниеттілерді неге тұқырта береміз? Олардың бойында әйел-анаға тән мейірімділіктің кішкентай бір  ұшқыны бар екені анық қой.

Жалпы елімізде жүзеге асырылған «Жусан» операциясының үш кезеңінде Сириядан 524 отандасымыз елге жеткізілген. Оның 30-ы — ер адам, 137-сі — әйел, 357-сі — кәмелетке толмаған балалар. Бұл үлкен тәуекел мен төзімге толы шараны еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мемлекеттік органдары халықаралық әріптестерімен бірлесіп жүзеге асырып келді.

Ақылды әйел әр қадамын ойланып жасаса керек. Отбасын қуанышқа бөлеп, ері мен балаларына жүрегіндегі махаббатын, сүйіспеншілігін үлестіріп, шаңырағын шаттыққа бөлей білсе, бұл – отбасының бақыты. Бұған дейінгі тәрбиеде кеткен қателік – батыстық түсінікпен кей нәзік жандылар қоғамдағы орнын алмастырып алды. Ыстық ұясынан баз кешіп, жұмысқа жегіліп бала тәрбиесі де шетке ысырылды. Ұл-қызының немен айналысып, қайда барып жүргенінен хабарсыз ата-аналар ақырында бүгінгідей жағдайға тап болды.

Сириядан тыныш өмір іздеп адасқандар ақырында туған елдің түтініне зар болып оралды. Бір рет қателікке ұрынып, аяғын шалыс басқандар балаларының болашағы үшін ендігі уақытта әр қадамын аңдап басады деп ойлаймын.

Ел ішінде жат ағымдармен күрес жүйелі жүргізілуде. Исламның таза әрі кемел дін екенін түсіндіріп жатудың қажеті аз. Белгілі дінтанушы Досай Кенжетай: «Дәстүрлі немесе дәстүрсіз ислам деген қолдан жасалған тіркес… Жалпы Исламға анықтамалар беруді доғару керек. Исламның дін ретінде Алла тарапынан бір ғана сипаты бар, ол – кемелдік қана! Бізде «дәстүрлі ислам» деп тарих бойы ата-бабамыз ұстанып келген діни тәжірибені, діни танымды айтып жүрміз. Ал «дәстүрлі емес» деп жат ағымдарды сипаттап келеміз»,-деп ой қорытады.

Ал Сирияға қатысты пікір білдірген дінтанушы: «Негізінен, Аллаға оралудың мекені Сирия емес, ол әркімнің жүрегінде, санасында, танымында, өз елінде болатындығына ой жүгіртпеген кез келген мұсылман осы тұзақтың құрбаны бола береді»,-дейді.

Бүгінгі таңда қоғам ішінде әйелдердің де алар орны бар. Олардың әрбірі бір шаңырақтың дана анасы бола білуі тиіс. Тәрбие тетігі көп жағдайда анадан бастау алады.

«Жастарды рухани-адамершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға иммунитетті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық ғылыми практикалық конференцияда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму  вице-министрі Марат Әзілханов сөз алып: «Біздің басты құндылығымыз – елдегі тұрақтылық пен бейбіт өмір діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы азаматтық қоғам институттарымен бірлескен нәтижелі жұмысымыздың мызғымас іргетасы» дей келе, «Жалпы біздің елімізде отбасылық, гендерлік мәселелермен айналысатын 77 үкіметтік емес ұйым бар екен. Бірақ бірде-біреуі дін саласына атсалысып жатқан жоқ секілді. Облыстарда оларға 235 млн. теңге бөлінеді екен. Осы ретте 126 жоба іске асырылып жатыр»,-деп, әлі де атқарылуға тиісті жұмыстар бар екендігін ескертті.

Білімді, қазақтың таным-түсінігі мен дәстүрі, ділі мен дінінен хабардар әйел затына ұрпаққа үлгілі тәрбие беру аса қиындық тудырмасы анық! Әйел осы қағидаларды өмірлік жолы, ұраны ете алғанда ғана бағы жанып, азаматын алға жетелейді. Қоғамда түсінбеушілік азайып, жанұялар жарасым құрады. Ер ажырасып, қыз күйеуден қайтпайды. Сүйекке таңба, жанға жара түспейді. Әкесінен қайрат, анасынан мейірім таба алмаған балалар жанары жасқа малынып, жетімдер үйін паналамайды.

«Әйелдер бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген керемет тәмсіл бар. Бұл дегеніміз – бүкіл сезім мен аналық махаббат, сыйластықтың шынары, адалдық, ерекше табандылық пен төзім әйелдің бойынан табылады деген сөз. Әйел өзі аялауға лайық бола тұра, оған жарын, баласын, айналасындағы жақындарын құшағына басып, мейірімін үлестірген жарасады. Әйелдің жаратылысы нәзік бола тұра, оған басына сынақ келгенде де мойымайтын жігерлілік жарасады.

Әйелдің болмыс-бітімі көреалмаушылық, өшпенділік, күйініш, өкпе-реніш, сараңдық, қыңырлық, өзімшілдік пен немқұрайлылық деген нашар қылықтардан таза болуы тиіс.

Әйелдің аялы жүрегінде сенім мен үміт, жақсы пейіл, сабырлық пен шыдамдылық, ілтипаттылық пен өзгелерге деген әдептілік бүр жарғанда, әйел айналасын әдемілікке баулиды.

Әйелдің алақанында мейірбандылық және ілтипат жапырақтары жайқалып тұрса, жылы сөз және жайдарлылық оның өмірін гүлзар баққа айналдырады.

Сондықтан, адасқандарды айыптай бермейік! Сезімдерінің жоғалмауына жол ашайық. Отбасына қауышса, қуанайық. Елге оралып, қателігін танығанына жұбанайық дегім келеді… Әйелдердің нәзіктігі жоғалмасын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *