НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан. Ресей Тәжікстанға қайтарымсыз жалпы құны 320 миллион рубль (5 млн доллар) болатын әскери техникалар мен қару-жарақтар берді, деп centralasian.org жазады.
Ресей Орталық әскер округының басшысы Александр Лапиннің айтуынша, тәжік армиясы радиолокациялық станцияға, заманауи әскери техникаларға ие болады.
Әскери техникалар тәжік-ауған шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Ресей басылымдарының жазуынша, 2017 жылы Ресей қорғаныс министрлігі Тәжікстанға қайтарымсыз түрде қару-жарақ, медициналық жабдықтар берген. Биыл ақпан айында Тәжікстан бұдан бөлек 9 млн долларға әуе қорғанысы жабдықтарын қабылдап алған.
Тәжікстанда 201-әскери базаны орналастыру келісімі бойынша Ресей бұл өлкенің армиясын 2042 жылға дейін жаңартуды міндетіне алған. Қазір ол Ресейдің шетелдегі ең ірі әскери нысаны болып есептеледі.
Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының мәліметі бойынша (IISS London) Тәжікстан әскери күшінде 8 800 жауынгер бар.