НҰР-СҰЛТАН, 05 қараша. Түркия билігі Сирияның солтүстік-батысында жақында көзі жойылған «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының басшысы Әбу Бакра әл – Бағдадидің бауырын ұстады, деп Reuters және Associated Press агенттіктеріне сілтеме жасап 24.kz хабарлайды.
Айтуларынша, 65 жастағы Расмия Авад террористік ұйымға мүше болған деген күдікке ілінген. Ол отбасымен Азаз қаласы маңындағы Алеппо провинциясында қолға түсті. Бұл аудан Түркия бақылауындағы аумақтың құрамына кіреді.
«Оның ТГИЛ туралы білетіндері өзге де террористердің ізіне түсуге жол ашады», – дейді билік өкілдері.
Еске сала кетейік, өткен айдың соңында атышулы лаңкестік ұйымның серкесі АҚШ-тың арнайы операциясы кезінде өлтірілген болатын. Көп кешікпей бұл ақпаратты Дональд Трамп растады. Содырлар болса жетекшілерінің қаза тапқанын мойындап, оның өлімі үшін АҚШ-тан кек алатындарын мәлімдеді.