НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша. «Жусан» операциясының арқасында елге оралған қазақ әйелі Сирияға қалай тап болғанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әйгерім діни сауатсыздықтың салдарынан деструктивті діни ағымның арбауына түскен, ол өз қателігін басқалар қайталамасын деген оймен Сирияда көрген азапты күндерін әңгімелеп беруді жөн санады.
Бүгінде екі бала өсіріп отырған Әйгерім (есімі өзгертілген) Қарағандыдағы оқуын тастап, 2013 жылы 19 жасында Түркия арқылы Сирияны бетке алады. Бұл жағдайдан мүлдем бейхабар ата-анасы қызын қанша іздегенмен таба алмай, шарасыз күй кешеді.
«Газиантеп қаласында бір күн түнетіп, таңертең шекараға жеткізді. Зәйтүн егілген егістік алаңын 15-20 минуттай жүгіріп өтіп, шекара астық. Бізді араб ұлтының азаматтары күтіп алып, ерлер мен әйелдерді екі топқа бөліп, тізімге тіркеп, алып кетті. Бір күннен соң мені қазақ жамағаты ортасына әкеліп, қазақ азаматына некеге тұрғызды», — деген Әйгерім көз жасына ерік берді.
Екі жыл өткен соң жолдасы қайтыс болып, қолында бір жасар ұлы, құрсағында үш айлық баласымен жесір қалады. Екінші ұлын босанғаннан кейін әзербайжан ұлтының азаматымен некелестірген.
«Ол кісі 4 ай 10 күннен соң соғыста қайтыс болды. Қолдан қолға некелестіру осымен тоқтамады, ендігі жолдасым араб ұлтынан болды. Бұл некеден дүниеге үшінші ұлымды әкелдім. Ешқандай медициналық жағдайлар қарастырылмаған, балдарымды үйде босандым. Осының және өзегімді өртеген өкініштердің салдарынан ұлым салмақ қоспайтын дертпен әлжуаз болып туды», — деп жалғастырды келіншек.
«Көретініміз күнделікті атыс, жарылыстар, жерде жатқан адамның дене мүшелері, айнала қанға оранған. Шаддат қаласында әуе шабуылынан қорғануға арналған арнайы ғимаратта жасырынып, жан сақтап жүрдік»- дейді ол.
Өкініш жанын жегідей жеген Әйгерім үш баламен қашуға бел буады. Жолдасы еш көмектесе алмайтынын, көмектессе өлім жазасына кесілетінін айтып бас тартады. Бір күні жамағаттан шекара асуға көмек беретін адамдардың бар екенін және ақысына он екі мың АҚШ долларын алатынын естиді.
«Қолымда ондай қаражатым болмаған соң, үш баламды алып, қақаған қыста, қаңтар айында еш дайындықсыз қашуға шешім қабылдадым. Жанымды шүберекке түйіп, ұшқан оқтың арасымен жолға шықтым. Шөл даладан бала арбасын тауып алдым. Аш-жалаңаш 20 километр мина алаңын 30 сағаттай жүріп өттік. Балаларымды орайтын көрпе де болмады», — деп атап өтті ол.
Жолдағы көрген қиындықтардан соң төрт айлық құндақтағы баласы шетінеп кетеді. Баланы өз қолымен шөл далаға жерлеп, біршама уақыттан соң күрттердің лагеріне жетеді.
«Макар» деген әйелдер лагеріне орналастырды. Макарда жүргенде екінші ұлым шатырдан құлап кемтар болып қалды. Осы лагерде бес ай болып, «Жусан-3″ операциясымен Отаным Қазақстанға оралдым. Аллаға шүкір, Елбасымызға алғысым шексіз!», — дейді Әйгерім.
Өзінің айтуынша, жат ағымға түсуіне діни білімінің таяздығы бірден-бір себеп болған. Діни білім алушыларға аса сақтық қажет екенін, тек мамандардан, яғни ҚМДБ-ның қарамағында жұмыс атқарып жүрген мешіт имамдарынан сұрау керек дейді ол.
«Мен алданған ағымға ешбір қаракөз қазағым алданбасын деп тілеймін. Жазықсыз мұсылман бауырларымның судай аққан қаны, бөлшектеліп жатқан денесі, ұшқан оқ, еңіреген ана мен бала бір сәтте ойымнан шығар емес. Алла жолында «Жиһад», мұсылман бауырларымызға көмек керек деп түрлі үгіттерге салып, алдап -арбап шақырып, жер мен мұнайдың дауы үшін болып жатқан қан майданның қақ ортасына апаратындарын айтқым келеді», – деп түйіндеді Әйгерім.