ОРАЛ, 19 ақпан. Ел аумағында есірткі сатумен айналысқан сегіз сайт анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Орал қаласының прокуратурасы интернет сайттарына мониторинг жүргізіп, есірткі мен психотроптық заттарды жарнамалап, насихаттайтын сегіз сайтты табылған.
Бұл сайттар «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңы 2-бабының талаптарына қайшы келетіндіктен олардың жұмысына шектеу қойылыпты.
«ҚР Азаматтық процестік кодексінің 54-бабы 3-тармағына сәйкес прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы талап қоюмен, арызбен сотқа жүгінуге құқылы», — делінген ресми хабарламада.
Осылайша қала прокурорының арызы қанағаттандырылып, Орал қаласы №2 сотының шешімімен сегіз сайт заңсыз деп танылыпты. Шешімнің орындалуы ҚР әділет, ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне жүктелген. Десек те сот хаттамасы заңды күшіне енбеген.