ТАРАЗ, 27 ақпан. Жамбылдық полицейлер аса ірі көлемдегі есірткі затын сатушыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia kz.
25 ақпан күні арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қордай ауданының 45 және 42 жастағы екі тұрғынының тұрғылықты мекенжайына тінту жұмыстарын жүргізді. Полиэтиленді қалташаға салынған есірткі заты күдіктілердің бірінің үйінен, екіншісінің жазғы ас үйінен табылды.
Сот-химиялық сараптамасының актісіне сәйкес, тәркіленген зат «героин» есірткі заты екені анықталды. Есірткінің ауыр түрі саналатын героиннің жалпы салмағы бір келіден асады. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3- бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.