НҰР-СУЛТАН, 28 сәуір. Египет президенті Абдель Фаттах ас-Сиси азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына төнген қатерге байланысты елдегі төтенше жағдай режимін үш айға ұзартты. Шешім мәтіні ресми газетте жарияланған, деп РИА Новости хабарлайды.
«Министрлер кабинетінің пікірін ескеріп және азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына байланысты қауіпті жағдайларды ескере отырып…28 сәуірден сағат 01: 00-ден (Мәскеу уақытымен 02:00) бастап бүкіл Египет аумағында үш ай бойы төтенше жағдай жарияланды», — делінген жарлықта.
Шешімге сәйкес «қарулы күштер мен полиция терроризмге және оны қаржыландыруға қарсы тұру үшін, жеке және қоғамдық меншіктің сақталуын бақылау үшін, азаматтардың өмірін қорғау үшін барлық жағдайды жасауы керек».
Жарлыққа сәйкес, Египеттің премьер-министрі Мұстафа Мадбули Синай түбегінің солтүстігінде — сағат 19.00-ден 06.00-ге дейін кеңейтілген коменданттық сағат енгізілетінін хабарлады, деп Shorouk news порталы хабарлайды. Қазіргі уақытта Египетте сағат 21.00-ден 06.00-ге дейін коменданттық сағат бар.
Мемлекет басшысы төтенше жағдайды 2017-ші жылы сәуір айында Тант пен Александрияда болған лаңкестік шабуылдан кейін енгізді. Сол кезде лаңкестер Египет шіркеулеріне шабуыл жасап, 50-ден астам адамды өлтірді, 100-ден астам адам жарақат алды.
Қазіргі уақытта Египетте коронавирустың 4782 жағдайы тіркелді, 1200-ден астам адам емделіп шықты, 337-і қайтыс болды.Елде коменданттық сағат енгізілген, ішкі және халықаралық жолаушылар әуе рейстері тоқтатылды.