НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша. Қордайдағы суық әрі лайлы шағын өзенді Айман өмірінің соңына дейін есте сақтайды. Ол басқа әйелдермен бірге түн ішінде қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтуі керек еді.
Бойын қорқыныш биледі. Суық судан тоңып барады. Мына әлемді бір сәтке ұмытып, ақыл-есін тұман басқандай болды. Бәрін еріксіз түрде істей бастады. Ол балаларды қолына алды. Жазира дірілдеп жылап жатты, кішкентай Болат қорқыныштан көздері бақырайып, суық судан аяқтарын тартып алды. Құдай Айманды бой жағынан кенде қылмағанына шүкір. Су белінен келетін еді. Басқа әйелдердің бойынан асады, құм араласқан лай суды әбден жұтты…
Балаларымен заңсыз шекараны кесіп өтіп бара жатқан әйелдер Сирияға, күйеулеріне асық болды, ол жақта Қордайдағы тау өзенінен де суық өмір күтіп тұрғанын қайдан білсін. Шындық олардың қиялы мен арманын бұзады. Ал күйеуінен, балаларынан, отбасынан айырылатындықтары осы оқиғаның ең қорқынышты жері.
Бұл уақытта Сирияда азаматтық соғыс қызу жүріп жатты, ал Таяу Шығыстағы саяси жағдай күрделене түсті. Сирия Қазақстаннан алыс болғанымен кейбір отандастарымызды жат елдегі қарсыластар ортасы өзіне тартқан еді.
Бұл жағдайдың барлығы 2013 жылы болды, исламның радикалды жалған уағызшыларының ықпалына түскен Екібастұздағы жастар тобы мен өмірден түңілген ер жігіттер «тыныш» өмірлерін «қарулы жиһадқа» айырбастауға бел буады. Олар соғысты қызық нәрсе ретінде елестетті. Жалған ұрандар олардың көздерін байлап алған еді.
Дін жолында бастары айналған бір топ жас қалайда сол қантөгіске қатысып қайтуды ойлайды. Ол жақта болып жатқан оқиғаның мәні мен мағынасы оларды аса қатты толғандыра қойған жоқ, олар аты бар да заты жоқ халифат үшін соғысуға дайын еді. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмады.
«ИГИЛ» терроршылар ұйымының айлакер психологтары арбауларына түсірген екібастұздық жастар 2013 жылдың наурыз айында «Қарағанды-Ыстанбұл» әуе рейсімен Түркияға ұшып келеді, жоспар бойынша одан әрі Сириядағы халықаралық терроршылар тобына қосылады. Шындығында олардың бұл сапары «барсакелмес» жол еді. Олар жұмаққа барып, қор қыздарын құшуды армандайды. Ал кезекті «соғыс құрбандарын» күтіп отырғандар бұларды қуана қарсы алды да, Сириядағы қайнап жатқан атыс-шабыстың ортасына апарып тоғытты да жіберді.
Содырлардың Қазақстандағы отбасы мен діндес достары алыстағы «батырларынан» хабар күтіп қала берді.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел қызметкерлері бұрын кездеспеген жаңа қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Терроршы боламыз деп шетелге тентіреп кеткендер өз алдына бір мәселе болса, енді соларға қосылуды ниет еткен олардың отбасы мүшелері мен діндестері қауіп-қатердің өзегіне айналды. Павлодарлық «жиһадшылар» өздерінің бала-шағасы мен әйелдерін де дінсіздерге қарсы тізе қосып соғысу үшін Шам шаһарына (Сирияға) шақыра бастады. Интернет желісі арқылы Сириядан түрлі-түсті суреттерін жіберген жерлестеріміз мұндағылардың «миын айналдырып» жатты. Олардың мұндай әрекеттері нәтижесіз де емес еді, Сириядағы бір содырдың әйелі, бала-шағасы мен достары сол жаққа қалай жеткендерін сезбей қалды…
Тұйыққа тірелген мұндай тағдырларды арашалау үшін ҰҚК қызметкерлерінен жедел тәжірибе ғана емес, сонымен бірге батыл қадам, интуиция, жұмыстарына креатив керек еді.
«Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Жағдай жаттанды сценарий бойынша дами бастады. Бастарын қауіп-қатерге тіккен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің зергерлік ұқыптылықпен әрекет етулеріне тура келді. Себебі, олар мына өмірден баз кешкен «жиһадшылармен» жұмыс істеп жатқандарын бір сәт те ұмытпаулары керек еді. Өйткені содырлар әйелдерінің, қарындастары мен жақындарының басын айналдырып тастағандары сонша, ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін көрсе жау келе жатқандай жиырылатын. Ал діни фанаттардың ойлап тапқан шариғат заңдары бойынша «Комитетшіні өлтіру» сауапты іс боп саналатын.
Әрине, ол әйелдер нағыз тозаққа түсетіндерін ойламаған еді, адам төзбес сынақтан өтетінін білмеді. Әңгімеміз осы әйелдер жайлы болады. Мүмкін, кейбірі ол жақта қаза тауып, жұмаққа түсетіні туралы ойлаған да шығар. Бірақ көпшілігі таяз діни білімі мен бұрмаланған көзқарасының негізінде «шариғат әлемін» армандайды. Шын мәнінде оларды ол жақта тозақ оты — әртүрлі аурулар, аштық, гүрсілдеген бомбалар мен қаңғыған оқтар күтіп тұр еді. Бөтен елде олар күйеулері мен балаларынан айырылды. Өздерін өздері танымай қалды.
Сонда да болса жедел қызметкерлер біраз адамдарды Сирияға барудан арашалап қалды. Олардың мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін барлық бағыттарына тосқауыл қойылды, жедел қызметкерлердің «жасырын қызметке тартылған» әйелдер мен содырлардың діндестерін ұшқалы тұрған рейстерден алып қалу үшін көршілес республикаларға сапарға барған сәттері де жетерлік. Бір минутқа да кешігуге болмайтын еді. Өйткені ел басшылығы нақты міндет жүктеді – Қазақстан азаматтарын шетелдік қақтығыстарға қатысудан, терроршылар жағында соғысудан қорғау керек.
Осы бағытта жұмыс істеп жүрген майор Әділетов таңғала отырып былай дейді: «Әйелдер наша шегіп алғандай. Олардың өздерін және балаларын алда қауіп-қатер күтіп тұрғанын айтсаң, өздерін зомби тәрізді ұстайды. Көздері солып қалғандай. Балаларының болашағы оларды ойландырмайды. Олардың бастарының айналып қалғандықтары соншалықты, мақсаттарына жету үшін өз өмірлерін қиюға дайын».
Ол теріс жолға түскен талай адамдардың, оның ішінде тіпті «ИГИЛ»-дің содыры да бар, райынан қайтуына көмектесті. Мысалы, Ыстанбұлға ұшқалы тұрған ұшақ бортындағы болашақ терроршымен жеке сөйлесіп, оны теріс ойынан айнытты, нәтижесінде ол Сирияға бару ниетінен бас тартты.
Алайда содырлардың әйелдері алған бағыттарынан қайтпады, олардың сыртқа аттануы жалғасты. Терроршылар қатарына баратындардың саны артты. Екібастұз кішігірім қала болғандықтан, ондағы радикалдар мен ҰҚК офицерлері бір-бірін жақсы таниды, бұның өзі олардың арасындағы шиеленісті арттыратын.
Әлемде «ИГИЛ»-ға дем берушілердің саны артып, көрші елдердегі олардың серіктестері тұрақты жүйе құрды. Жағдай батыл шешімдер қолдануды талап етті. Сол кезде екі екібастұздыққа қатысты арнайы операция жоспары тыңғылықты дайындалды. Бұл жоспардың мақсаты – әйелдерінің Түркияға шығуына бақылаулы түрде рұқсат бере отырып, оларды күйеулерімен кездескен сәтте ұстау болатын. Арнайы операцияға ең тәжірибелі деген қызметкерлер іріктелініп алынды.
Дереккөз: ҚР ҰҚК