НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан. Ресей президенті Владимир Путин кез келген құқық бұзушылық пен экстремизм көріністерін жасаған мигранттарды елден дереу шығаруға шақырды, деп «Известия» басылымына сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты жазады.
«Экстремизмнің кез — келген көрінісі, құқық тәртібін бұзу, заңсыз еңбек жасаған адамдарды Ресейден тыс жерлерге шығару және болашақта біздің елге кіруге тыйым салу туралы шешімді тез қабылдауға және орындауға негіз болуы керек», — деп мемлекет басшысы 17 ақпанда РФ ІІМ кеңейтілген алқасында мәлімдеді.
Ресей басшысы атап өткендей, экстремистердің интернетті өз мақсаттары үшін пайдалану әрекеттерін бейтараптандыруға баса назар аудару керек.
«Біз бұл туралы білеміз және этникалық, діни және әлеуметтік араздықты қоздыру үшін осы заманауи құралдарды пайдалану туралы үнемі айтып келеміз. Менің ойымша, бүгінде Ішкі істер министрлігі жүйесінде өкілеттіктер жеткілікті», — деп қосты ол.
Путин сонымен қатар экстремизммен тиімді күрес көші-қон саласымен байланысты екенін атап өтті. Осылайша, билік заңсыз көші-қонмен және осы салада жұмыс жасайтын қылмыстық топтардың әрекетімен күресуге бағытталған барынша қатаң шараларды қабылдауы керек.
11 ақпанда РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Ресейге мигранттар ағыны өсіп келе жатқанын, өткен жылы бұл 2020 жылмен салыстырғанда үштен бір есе көп екенін айтты. Оның айтуынша, мигранттар жинақы тұратын жерлерде этникалық анклавтардың қалыптасу қаупі бар. Медведев атап өткендей, олар тиісті бақылаусыз «экстремистік және террористік райлардың ұясы мен қылмыс ошағына» айналуы мүмкін.
Бір күн бұрын Путин Қауіпсіздік кеңесінің көші-қон саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссиясын құрды. Құрылымның міндеті Ресей Федерациясының көші-қон саласындағы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесі үшін көші-қон процестерін реттеу болып табылады.
Бұған дейін, 3 ақпанда Ресей басшысы елге шетелдік кадрлардың кіруінің қиындығы туралы шағымға жауап ретінде Ресейдің шетелдік жұмыс күшін пайдалануды ырықтандыру жолында екенін көрсетті. Сонымен бірге, желтоқсанда Путин мигранттардың елге тіл мен заңдарды меңгеріп келуі үшін ТМД елдеріндегі әріптестерімен өзара әрекеттесу қажеттігін атап өтті.