НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан.Бортында Сирия лагерлері мен Дамаск балалар үйінен шығарылған 14 ресейлік баласы бар ұшақ Мәскеу маңындағы Чкаловс әуежайына қонды, деп Ресей Федерациясындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл туралы РИА Новостиге сілтеме жасап «Терроризмге қарсы комитет» РҚБ ресми сайты хабарлайды.
«Бүгін Сирия аумағындағы үш күндік сапардың, сондай-ақ бұрын қол жеткізілген бірқатар келісімдердің нәтижесінде РФ Президенті жанындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының қызметкерлері 3 пен 15 жас аралығындағы 14 баланы Ресейге қайтарды.Олардың бесеуі Дамаскідегі балалар үйінде болса, тағы тоғызы Евфрат өзенінде орналасқан босқындар лагерлерінің аумағынан шығарылды», — делінген омбудсменнің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жол бойы балалар дәрігерлер мен психологтардың бақылауында болды.
«Барлық балалар жолды жақсы көтерді, негізінен ұйықтап жатты. Ұшып кетер алдында оларды Хмеймим әуе базасында біздің әскерилер тамақтандырды. Сондай-ақ олар балаларға тәттілер мен сыйлықтар берді. Жол бойы балалар біздің делегацияның дәрігерлері мен психологтарының бақылауында болды », — деп баспасөз қызметі балалар омбудсмені аппаратының кеңесшісі Елена Новосельцеваның мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Келгеннен кейін балалар Мәскеу клиникаларының біріне орналастырылды, ол жерде олар толық медициналық тексеруден өтеді, оның ішінде COVID-19 хаттамасына сәйкес, балаларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Дәрігерлердің ұсынысынан кейін олар туыстарының қарауына беріледі, деп хабарлады баспасөз қызметі.
«Бұл балалардың кішкентайынан қандай сұмдық пен қиындықтарды бастан өткергенін елестету қиын. Бірақ енді олардың өмірінің бұл қорқынышты кезеңі ұмытылуы үшін барлығын жасау біздің қолымызда. Тағы бір топ баланы қайтарғанымызға қуаныштымын, Сирия мен Күрд тараптарына біздің барлық келісімдерімізді сақтағаны үшін алғыс айтамын.
Біз бұл жұмысты жалғастырамыз және барлық балаларымыздың мүмкіндігінше тезірек үйде болуы үшін бар күшімізді саламыз. Шынайы қамқорлық, жақын адамдарының сүйіспеншілігі мен ілтипаты, отбасылық жылулық пен жайлылық — оларға қазір өте қажет екеніне сенімдімін. Біз өз тарапымыздан, әрине, көмектесіп, олардың тағдырын қадағалаймыз», — деп Ресей Федерациясындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованың сөзін баспасөз қызметі келтіреді.
Ирак пен Сирия аумақтарында орналасқан Ресей Федерациясының кәмелетке толмаған азаматтарының мекен-жайын анықтау және елге қайтару жұмыстары 2017 жылдың жазында басталды. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда.Балаларды отанына қайтаруға жәрдемдесу үшін Балалар омбудсмені жанынан арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды.