Енгізілген түзетулерге сай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа өкілеттіктер алады. Оның ішінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді бұғаттау бар.
Осылайша онлайн платформа немесе жедел хабар алмасу қызметін пайдаланушылар саны туралы ақпаратты тексеру үшін министрлік онлайн-платформадан немесе жедел хабар алмасу қызметінен тәуліктік пайдаланушылар саны туралы ақпаратты сұрай алатыны айтылады. Егер онлайн платформа немесе жедел хабар алмасу қызметі интернеттегі ақпараттық ресурсты пайдаланушылар санын анықтауға арналған бағдарламаны орнатпаса, онда министрлік өз ресурсын пайдалана отырып, пайдаланушылар санын анықтай алады.
Бұдан өзге министрлік мыналарды жасай алады:
- республиканың заңнамасына сәйкес Қазақстан аумағында шетелдік онлайн-платформаның немесе жедел хабар алмасу қызметінің қызметін шектеуге;
- қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға осындай ақпаратты ұсына отырып, коммерциялық емес ұйымдардың терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау жөніндегі қызметіне талдау және мониторинг жүргізу;
- сараптама тобын құру қағидаларын әзірлеу және бекіту, сонымен бірге балаға қатысты киберқорлау фактілері бойынша өтініштерді қарау;
- телекоммуникация желілеріндегі Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
- байланыс операторларына, онлайн платформалардың иелеріне немесе заңды өкілдеріне, сонымен бірге мемлекеттік техникалық қызметке интернет-ресурсқа қолжетімділікті қалпына келтіруге нұсқау беру;
- шетелдік онлайн платформалар мен жедел хабар алмасу қызметтерінің заңды өкілдерінің тізілімін жүргізу;
- шетелдік онлайн платформалар мен жедел хабар алмасу қызметтерінің заңды өкілдерінің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту.
Қаулы бірқатар тармақтарды қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.