ҚАРАҒАНДЫ, 16 қараша. Қарағанды қаласының жедел медициналық жәрдем көрсету орталығының пультына белгісіз ер адамнан облыстық психикалық денсаулық орталығына бомба қойылғаны туралы қоңырау түсті, деп хабарлайды ҚР ТҚО баспасөз қызметі .
Жедел әрекет ету тобы дереу медициналық мекемеге келіп, болжанған орынды қоршауға алды, сондай-ақ науқастар мен медицина қызметкерлерін эвакуациялады.
Ғимарат пен оның маңы тексерілді, күдікті заттар мен жарылғыш құрылғылар табылмады.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ізін суытпай бұрын сотталған 1991 жылы туған Қарағанды облысының «К» тұрғыны анықталды.
Құқық қорғау органдары «К» азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау — бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады) бойынша сотқа дейінгі іс қозғады .