ШЫМКЕНТ, 09 желтоқсан. Шымкентте есірткі қойып кетпек болған жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және Еңбекші АПБ учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, есірткі таратушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды қарқынды жүргізіп жатыр. Кезекті рейдтік шара барысында қаладағы көпқабатты үйлердің алдынан есірткі таратуға шыққан 24 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтады.
Тексеру барысында аталған азаматтан есірткі заттары салынған жалпы 22 дана полиэтиленді орама тәркіленіп алынды. Ол бұл заттарды өзімен бірге алып жүрген. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткінің синтетикалық түріне жататыны нақтыланып, жалпы салмағы 22 грамды құраған. Ұсталған азамат аталған есірткі заттарын өткізу мақсатында Шымкент қаласындағы жасырын орындарға тығып кетпекші болған.
Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.