АЛМАТЫ, 22 желтоқсан. Алматының патрульдік полицейлері ірі есірткі сатушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті сағат үш жарымда Алматы қаласының тұрғын алабында ұсталды. Буран-082 патрульдік экипажы Ақсай ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің ауласында ер адамды байқап қалды. Ол полиция қызметкерлерін көре сала, жасырынбақ болды.
– Патруль қызметкерлері күдікті адамды ұстады. Ол өзімен бірге есірткі бар екендігін мойындады. Әуезов аудандық ПБ-ның тергеу-жедел тобы ұсталған азаматты жеке тінту барысында ұнтақты заты бар 80 дана полиэтилен байламдарын тәркіледі. Ұсталған адамның өзі байламдарда “жылдамдық” синтетикалық есірткі заты екендігін айтты. Сондай-ақ ол қаланың әртүрлі нүктелеріне шөпті таратушы екенін түсіндірді. Қазіргі уақытта тәркіленген заттарға сот-химиялық сараптама тағайындалды. Жедел бөлімшелер қалаға есірткінің жеткізілу арнасын және таралу географиясын белгілейтін болады, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің командирі Бауыржан Хантеміров.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін ПД-да хабарлады.